Қарқынды құрылыс – қаланың ажары
Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруде кәсіпкерлік бастамалар мен ел азаматтарының туған жерге деген жанашырлығы айрықша рөл атқарады. Жеке қаражат пен демеушілік қолдау есебінен қолға алынған жобалар халықтың игілігіне қызмет етіп, қаланың келбетін көркейтуге үлес қосады.Осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйін бағамдау мақсатында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Арал қаласында салынып жатқан бірқатар маңызды нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты.
Алдымен жеке кәсіпкер Ерлан Кемаловтың бастамасымен бой көтеріп жатқан жабық спорт кешеніне барды. Құрылыс жұмыстары кәсіпкердің өз қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 100 миллион теңге болатын жоба іске қосылғанда балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік кеңеймек. Мұнда футбол, үстел теннисі, волейбол және баскетбол секілді спорт түрлері бойынша үйірмелер ашу жоспарланған. Бұл – жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашатын маңызды бастама болмақ. Кәсіпкер алдағы уақытта да ауыл жастарына арналған игі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жеке кәсіпкердің бастамасын құптап, жас ұрпақтың игілігі үшін атқарылып жатқан еңбектің маңызын атап өтті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін аудан басшысы қаланың кіреберіс бөлігінде салынып жатқан, 1800 адамға арналған мешіт құрылысына назар аударды. Бұл нысан аудан азаматтары мен жергілікті кәсіпкерлердің ортақ қолдауымен жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, мешіт аумағын абаттандыру шаралары қолға алынған. Сонымен қатар аумақты көркейту мен жол салу жұмыстарына жергілікті кәсіпкер, «Арал құрылысы» ЖШС директоры Мейрамбек Құлмырзаев жеке қаражатымен демеушілік көрсетуде. Негізгі құрылыс және абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталса, мешітті келер жылдың басында пайдалануға береді деп күтілуде.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының орындалу барысын саралап, туған жердің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Ел игілігіне арналған мұндай жобалардың маңызын атап өтіп, мешіт құрылысын толық аяқтап, халық игілігіне беру үшін алдағы уақытта қажетті қолдау мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізді.
Спорт нысандарының салынуы – өскелең ұрпақтың денсаулығы мен болашағына салынған инвестиция болса, мешіт құрылысы – рухани құндылықтарды ұлықтап, ел бірлігін бекемдеуге бағытталған игі қадам. Екі бастаманың да түпкі мақсаты ортақ. Ол – халыққа қолайлы жағдай жасау және туған өлкенің өркендеуіне қызмет ету.
Туған жердің дамуына бейжай қарамай, елмен бірге игілікті істерге ұйытқы болып жүрген азаматтардың еңбегі көпке үлгі. Осындай ынтымақ пен жанашырлыққа негізделген бастамалар Аралдың ажарын арттырып, ауданның әлеуметтік әлеуетін нығайта түсетіні сөзсіз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









