Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЖАҒА АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

ШИЖАҒА АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Шижаға ауылында бой көтеріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бүгінде қарқынды түрде жалғасуда. Ауыл тұрғындарының игілігіне арналған маңызды нысанның құрылыс барысымен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы танысты.
Қазіргі таңда ғимараттың негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Атап айтқанда, спорт кешенінің ішкі бетон еден төсеніштері мен қабатаралық бетон бөлгіштерін құю жұмыстары сапалы жүзеге асырылды. Сонымен қатар нысанға сыртқы ауыз су, кәріз және әуе электр желілері жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, ғимараттың ішкі әрлеу, сырлау және кафель төсеу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта спорттық линолеум төсеу, сыртқы қоршауларды орнату, асфальт және брусчатка төсеу секілді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алыстан көз тартатын заманауи спорт кешенінің құрылысын «Болашақ» ЖШС мекемесі жүзеге асыруда.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі нысан аумағын абаттандыру, ішкі тазалық пен құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер жасады. Барлық жұмыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Айта кетейік, аталған спорт кешені алдағы уақытта ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға тың серпін бермек.
«Толқын» ақпарат
17 мамыр 2026 ж. 90 0