АУДАН ӘКІМІ СЕКСЕУІЛ КЕНТІНДЕ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.Алдымен аудан басшысы жаңа вокзал ғимаратының құрылысын көріп, нысанның жобалық мүмкіндіктерімен танысты. Жолаушыларды қабылдау сыйымдылығы 60 адамды құрайтын жаңа вокзалдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысан алдағы уақыттары пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда вокзал ғимаратын толық аяқтауға, жолаушылар алаңын (перон) абаттандыруға қажетті материалдар қосымша жеткізілуде. Ғимараттың қабырғасын сылау, стяжка құю, терезе салу, электр желісін жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс басында 20 жұмысшы және 3 техника жұмыс жасауда. Жаңа заман талабына сай келетін вокзал алдағы уақытта кент ажарын ашып, темір жол арқылы өтетін жолаушыларға толыққанды қызмет көрсететін болады.
Аудан әкімі мердігер мекеме «Техноснаска-Ремсервис» ЖШС өкілдерімен тілдесіп, құрылыс сапасына жіті мән беріп, жұмысты мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.
Мұнан соң аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы кенттегі орталық саябақта болып, абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда 1200 шаршы метр аумаққа түнгі жарық шамдары орнатылып, брусчатка төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі құрылыс нысанының басында болып, елдің қажетіне жарайтын қоғамдық орынды абаттандыруда сапалы жұмыс істеу керектігін жеткізіп, бақылау жұмыстарын күшейту керектігін тапсырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі










