Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ МЕРГЕНСАЙДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

АУДАН ӘКІМІ МЕРГЕНСАЙДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Мергенсай ауылдық округінде болып, ауылда қолға алынып жатқан бірқатар жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен «Арал-Аэропорт-Жалаңаш» бағытындағы автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.

Аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу жұмыстары 5 лотқа бөлініп, 52-62,1 шақырым автомобиль жолына облыстық бюджеттен 743,9 млн.теңге қаржы бөлінсе, қазіргі уақытта осы жолдың 39-52 шақырымна 149,6 млн.теңгеге мердігер мекеме тарапынан автомобиль жолдарына тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде автожолдың 10 шақырымына қиыршық тас төселінуде.

Аудан әкімі аталған жұмыстың белгіленген бөлігін сапалы әрі уақытылы атқаруды айтып, мердігер мекеме өкіліне бірқатар тапсырма жүктеді.

Мұнан соң ауылдық округ орталығында салынып жатқан 150 орындық мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Құны 2 млрд. 333 млн. теңге болатын жаңа мектептің бүгінде екінші қабатының қабырғалары қаланып, төбесін жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Бақ-Береке 2030» ЖШС мекемесі өкілінің айтуынша ғимараттың қосымша ішкі жылу жүйелері мен электр желілері тартылу үстінде. Жаңа білім нысаны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Оған мүмкіндік те жұмыс күші де жеткілікті.

Аудан басшысы құрылыс нысанын аралау барысында мердігер мекеме өкілімен тілдесіп, ғимарат соңғы үлгідегі нұсқамен салынып жатқандықтан ең бастысы сапаға мән беру керектігін жеткізді. Елдегі ағайынның көп жылдар бойы күткен жаңа білім ғимараты белгіленген мерзімнен кешікпей пайдалануға беру керектігін атап өтті.

Аудан әкімі жұмыс сапары барысында ауылдық округке қарасты Тастүбек елді мекеніне барып, ауылға тартылып жатқан ауыз су желісінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда 30 км су желісі жүргізіліп, 51 көру құдығы монтаждалған. Су сору станциясының қоршау жұмыстары, 150 м3 су сақтау қоймасының және су айдау станциясының бетон жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ кіру бақылау пунктінің қабырғасын қалау жұмыстары толық аяқталып, ішкі электр жұмыстары жүргізілуде. Су айдау станциясының ішкі су желісімен қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде.

Аудан басшысы істеліп жатқан жұмыстарға куә болып, мердігер мекеме «Алтын Айдарлы» ЖШС-нің өкілдеріне құрылыс жұмыстарын жүргізу барасында кемшіліктерге жол бермей, ауылдағы ағайынның мерзімінде сапалы әрі қолжетімді ауыз су тұтынуына жағдай жасау керектігін жеткізді.

Бұл ауылда ауылдық округ әкімдігі бюджетінен шағын балалар ойын алаңы салынды. Шағын алаң бүгінде пайдалануға беріліп, ауыл балаларының асыр сала ойнайтын жеріне айналған.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
14 қыркүйек 2025 ж. 167 0