АМАНӨТКЕЛ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ
Ауыл – ұлттың алтын бесігі. Елдің рухани тірегі саналатын ауылдық жерлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда ауданға қарасты Аманөткел ауылында жүзеге асырылып жатқан жаңа ауылдық клуб құрылысы – ел игілігі жолындағы жарқын жобалардың бірі.«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 150 орындық заманауи клуб ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін жандандыруға бағытталған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталып, бүгінде жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылыс кезеңдері толық аяқталған. Атап айтқанда, ғимараттың бетон еден төсеніштері мен қабатаралық бетон бөлгіштері сапалы құйылып, құрылыс талаптарына сай орындалған. Сонымен қатар, нысанға қажетті инженерлік инфрақұрылым толық тартылып, сыртқы ауыз су, кәріз және әуе электр желілері жүргізілген.
Бүгінде құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын толығымен аяқтап отыр. Ғимараттың ішкі қабырғалары сырланып, кафель төсеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта клуб аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, сыртқы қоршаулар орнатылып, асфальт пен брусчатка төсеу жұмыстары қарқын алған.
Жобаның бас мердігері – «Жабдықтау» ЖШС. Мекеме құрылыс сапасына ерекше көңіл бөліп, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру бағытында жүйелі жұмыс атқаруда.
Жаңа клуб ауыл тұрғындары үшін тек мәдениет үйі ғана емес, қоғамдық өмірдің маңызды орталығына айналмақ. Мұнда мәдени-көпшілік шаралар, концерттер, кездесулер, түрлі үйірмелер мен жастарға арналған танымдық кештер ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының шығармашылық қабілеттерін дамытуға, өнерге қызығушылығын арттыруға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа нысан ауылдың әлеуметтік келбетін жақсартып қана қоймай, елді мекен тұрғындарының рухани сұранысын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Мемлекет тарапынан қолға алынған осындай жобалар ауылдық жерлердің дамуына тың серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болуда.
Аманөткел ауылында бой көтеріп жатқан жаңа мәдениет ошағы – ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Ел игілігіне берілер күн де алыс емес. Бұл нысан алдағы уақытта ауылдың мәдени тынысын кеңейтіп, өнер мен руханияттың ордасына айналмақ.
Назерке МАРАТ










