Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда жаңа темір жол вокзалы бой көтеріп келеді

Аралда жаңа темір жол вокзалы бой көтеріп келеді

Қызылорда облысы Арал ауданында темір жол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр,- деп хабарлайды fastnews.kz ақпараттық сайты. Атап айтар болсақ, аудан орталығы мен Сексеуіл кентінде жаңа бекет бой көтеріп жатыр. 

Аралда жаңа темір жол вокзалы бой көтеріп келеді

Арал қаласында жаңа темір жол вокзалының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі және сыртқы әрлеу кезеңіне көшкен.
Жобаны мердігер мекеме “Техноснаска-Ремсервис” ЖШС жүзеге асыруда. Ал вокзал ғимаратының жобасын «Альфа Проект Строй» ЖШС әзірлеген. Бір қабатты жаңа нысанның биіктігі 4,2 метр болса, жалпы аумағы 459,47 шаршы метрді құрайды.
Құрылыс алаңында жер тегістеліп, іргетастың төменгі қабаты құйылған. Сонымен қатар кірпіш қалау, сейсмопояс орнату және шатыр жабу жұмыстары толық жүргізілген.
Бүгінде құрылысшылар ішкі әрлеу, сылақ жұмыстары мен металл конструкцияларын орнатуға кіріскен. Сонымен қатар ғимараттың сыртқы қаптамасы да жасалуда. Нысан басында 25 жұмысшы еңбек етіп жатыр.
Қажетті құрылыс материалдары мен техникалар толық жеткізілген. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда және белгіленген жоспарға сай жалғасуда.

Сексеуілдегі вокзал құрылысы аяқталуға жақын

Сексеуіл кентіндегі жаңа темір жол вокзалының құрылысы да жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарының шамамен 80 пайызы аяқталған.
Жобаны мұнда да “Техноснаска-Ремсервис” ЖШС қолға алған. Жаңа вокзал бір қабатты болып салынып жатыр. Ғимараттың биіктігі — 4,2 метр, ал жалпы аумағы — 459,47 шаршы метр.
Қазір нысанның есік-терезелері толық орнатылып болған. Сонымен қатар су жүйесін тарту, электр жарығын жүргізу және кәріз жүйесіне қосу жұмыстары атқарылуда.
Абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ғимараттың артқы бөлігіне брусчатка төселген. Алдағы уақытта перрон аумағын толықтай брусчаткалау, навес орнату және тірек бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде құрылысшылар төбе бөлігіне парапет жабу жұмыстарымен айналысуда. Нысанда 5 жұмысшы еңбек етуде. Құрылыс барысы тұрақты бақылауда және жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.
Қош, қос құрылыс қолданысқа қосылып аудан мен қала аралығында қатынас қарқын алып, қабылдау, қызмет көрсету көлемі артады. Бұл жолаушыларға жайлы жағдай жасаумен қатар ауданның экономикасына оң әсер ететіні белгілі.
16 мамыр 2026 ж. 52 0