Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық бұзушылықты қайталамауға тырысайық

Құқық бұзушылықты қайталамауға тырысайық

Фото: Нұрболат Нұржаубай 

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес, әкiмшiлiк жаза  әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданылатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан осы заңнамада көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды.
Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
Алайда тиісті қорытынды шығармай, сот қаулысымен белгіленген шектеулерді орындамай, заң талаптарына немқұрайлы қарайтын азаматтар да кездеседі. Бұлай деуімізге негіз бар.
Мәселен, Арал аудандық сотында көлік басқару құқығынан  айрылғанына қарамастан, заң талаптарын елемей, көлік тізгіндеген азаматтарға қатысты ӘҚБтК-нің 612-бабының 3 және 4-1-бөліктері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жиі қаралады.
Аталған баптың осы бөліктерінде көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқарғаны үшін, сондай-ақ осындай әрекеті үшін әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер үшін жауаптылық көзделген.
Мысалы, азамат Е. 2024 жылы сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылған. Соған қарамастан, ол ағымдағы жылдың 21 тамызында көлік құралын басқарған.
Сот отырысында оның құқық бұзушылық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған түсінігімен, сондай-ақ сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот қаулысымен бұл азамат ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 151 375 теңге айыппұл салынған.
Өткен жылы аудандық сотта көлік құралын басқару құқығынан айырыла тұра, көлік тізгіндеген тұлғаларға қатысты 12 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып,  әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленсе, биыл жыл басынан бері 26 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қорыта айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген талаптарды бұзғаны үшін заңда белгіленген жауаптылық туындайтынын әрдайым есте ұстағанымыз абзал. Сот шешіміне құрметпен қарап, заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті.
Арал аудандық сотының
әкімшісі басшысының орынбасары
Т.Тлеубаева
18 қараша 2026 ж. 20 0