Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарбаз жолы: міндет пен мүмкіндік

Сарбаз жолы: міндет пен мүмкіндік

Әскерге аттанатын жас үшін туған үйінен ұзап шығу, жаңа ортаға бейімделу және қатаң күн тәртібін қабылдау қиын соғары анық. Ата-ана да перзентінің денсаулығы, қызмет жағдайы мен келешегі үшін алаңдайды. Сондықтан әскерге шақыру туралы сөз болғанда, тек белгіленген мерзіммен шектеліп қана қоймай, азаматтың бұл үдеріске қалай дайындалатынын, қандай рәсімдерден өтетінін және өзіне берілетін мүмкіндіктерді қалай тиімді пайдалана алатынын түсіндірудің маңызы зор. Бүгінгі таңда елімізде Қарулы Күштердің әлеуетін арттыру, әскердің беделін көтеру және сарбаздардың әлеуметтік қорғалуын күшейту бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде әскер қатарындағы тәртіптің темірқазық екенін, Отанды қорғау әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы екенін үнемі ерекше атап өтеді. Президент «Әскер – нағыз ерлік пен жауапкершілік мектебі, мұнда жастар шыңдалып, еліне қорған болар нақты маман атанады» деп атап көрсеткендей, сарбаз өмірі – мемлекеттің қорғаныс қабілетінің ғана емес, ұлттың болашағының кепілі.
Ердің ерлік мектебі
Діннің өзінде 5 нәрсені қызғыштай қорғау міндеттелсе, соның бірі – Отан. Мүмкін Отанға деген махаббаттың бүгінде әскери міндетпен тығыз байланыстырылатыны содан да шығар. Жүрегіндегі патриоттық жалыны өшпей, әскер қатарына қабылданып, аман-есен борышын өтеп келгенге не жетсін, шіркін?!
Негізінен 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды әрбір азаматқа әскерге бару міндеттеледі. Олар жылына екі рет, қазан және желтоқсан сосын сәуір-маусым айларында іріктеліп, шақырылады. Ең басты қойылатын талап – денсаулық. Денсаулығы жарап тұрған, он екі мүшесі сау азаматтың бәрі қатарға алынады. Азаматтардың əскери қызметке жарамдылық дəрежесін айқындау үшін еліміздің әр түкпір-түкпірінде атқарушы органның шешімімен тұрақты негізде медициналық комиссиялар құрылады. Олар əскерге шақырылушы азаматтарды медициналық куəландырудан өткiзеді. Болашақ сарбаздардың денсаулығы мінсіз болуы шарт. Сондықтан кешенді тексеріс тағайындалады. Жас жігіттердің бойы мен салмағынан бастап, қалқанша безі, іш құрылысы, жүрегі де мұқият тексеріледі. Мәселен, десанттық шабуылшы болғысы келетіндердің ең алдымен физикалық дайындығы ескеріледі. Сонымен қатар, спортшыларға басымдық беріледі.
Аралдан аттанған сарбаздар
Аудан жастары үшін де әскер тақырыбы әрқашан өзекті. Бірі мектепті тәмамдаған соң мамандық меңгеруді мақсат тұтса, енді бірі еңбекке араласып, отбасына қолғабыс етіп жүр. Әскери қызмет осындай өмірлік жоспарлармен қалай үйлеседі? Шақырту алған азамат істі неден бастауы тиіс? Денсаулыққа қатысты қандай да бір шағымы болса, оны кімге айту керек? Міне, осындай сұрақтарға алдын ала жауап табу жас азаматтың да, оның жақындарының да дайындықты саналы түрде жүргізуіне жол ашады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 14 наурыздағы №1202 Жарлығына сәйкес, биыл азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында ұйымдастырылуда. Заңға сәйкес, әскери қызметті кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға заңды негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар әскер қатарына шақырылады. Мерзімді әскери қызметтің ұзақтығы – 12 ай. Жарлықта қызмет мерзімін толық өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару да қатар қарастырылған. Осылайша, бір мезгілде жаңа сарбаздар әскери бөлімдерге аттанып жатса, міндетін абыроймен аяқтаған азаматтар туған жеріне оралады. Жалпы республикалық статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын еліміз бойынша он мыңдаған жас азамат мерзімді әскери қызметке шақырылып, өз борышын өтейді. Бұл ретте қызметтен келген жастардың кейінгі оқуын жалғастыруы, еңбек нарығына белсенді араласуы және алған өмірлік тәжірибесін ел игілігіне жұмсауы – аудан мен өңір өмірі туралы әңгіменің маңызды бөлігі.
– Арал ауданы бойынша көрсеткіштерге тоқталсақ, 2026 жылғы көктемгі шақыру науқанында 88 азамат мерзімді әскери қызметке сәтті жөнелтілді. Ал күзгі шақырудың жалпы жоспары 80 азаматты құрайды, бүгінгі күнге дейін ауданнан 44 жас сарбаз қатарына аттанды. Сонымен қатар, белгіленген қызмет мерзімін толық аяқтап, туған ауданына оралған азаматтардың саны – 79. Бұл көрсеткіштердің артында жеке адамның тағдыры, отбасының үміті мен жарқын болашақ жоспары тұр. Сондықтан аудандық көрсеткіштерді жариялағанда есептің қай күнге қатысты екенін, көктемгі және күзгі науқанның нәтижелерін нақты ажыратып көрсетудің маңызы жоғары. Бұл тұрғындарға нақты әрі түсінікті ақпарат беріп қана қоймай, шақыру жұмысының барысын дұрыс бағалауға мүмкіндік береді, – дейді әскерге шақыру бөлімшесінің инспекторы Дулат Мегенов.
Әскерге дайындық әліппесі
Шақырту алған азамат ең алдымен оның мазмұнын мұқият оқып шыққаны жөн. Қай мемлекеттік орган шақырып отырғанын, қашан және қай мекенжайға келу қажет екенін, сондай-ақ келудің түпкі мақсатын дәл анықтап алу қажет. Уақытын өткізіп алғаннан кейін түсініктеме іздегеннен гөрі, түсініксіз мәселені алдын ала нақтылаған әлдеқайда тиімді. Қорғаныс министрлігінің 2026 жылғы ресми түсіндірмесінде шақыру қағаздарының SMS-хабарлама және eGov порталы арқылы электрондық түрде жіберілетіні көрсетілген. Мұндай ресми хабарлама келу күніне кемінде үш күн қалғанда жолданады және заңды түрде ресми шақыру мәртебесіне ие болады. Демек, әрбір азамат электрондық хабарламаға да аса жауапкершілікпен қарап, онда көрсетілген мәліметтерді мұқият тексеруі тиіс. Цифрлық хабарлау тәртібі азаматтың байланыс деректерінің әрқашан өзекті болуын талап етеді. Телефон нөмірі ауысқан, тұрғылықты жері өзгерген немесе мемлекеттік жүйедегі мәліметінде қандай дa сәйкессіздік бар жас оны дер кезінде анықтап, қате деректерді түзету үшін ресми арналарға жүгінуі қажет. Қолданыстағы шақыру қағидаларында азаматты шақырту мақсаты медициналық куәландыру, жан-жақты зерделеу, комиссия отырысына қатысу немесе тікелей әскери бөлімге жөнелту сияқты әртүрлі рәсімдер болуы мүмкін екені көрсетілген. Азаматтың қай кезеңге шақырылғанын нақты білуі өзімен бірге қандай құжаттар жиынтығы қажет екенін түсінуге көмектеседі.
Әскерге шақыру кезінде жастардың жасы ғана емес, денсаулығы, білімі мен отбасылық жағдайы жөніндегі мәліметтердің де орны ерекше. Азаматтың өмірінде болған кез келген өзгерістер ресми есептегі деректермен сәйкес келуі тиіс. Сол үшін жеке құжаттарын уақытында реттеп, өзіне қатысты мәліметтерді дер кезінде ұсыну – саналы дайындықтың маңызды бөлігі. Шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселесі тек заңда көзделген нақты негіздер бойынша ғана қаралады. Денсаулық мәселесінде де ұсақ-түйек деген болмайды. Болашақ сарбаз үшін денсаулық жағдайын шынайы әрі дұрыс бағалау ерекше маңызды. Бұрын ауырған сырқаты, қабылдаған ем-домы, жарақаты немесе тұрақты түрде мазалайтын шағымы болса, оны міндетті түрде дәрігерге айту қажет. «Ауыруы басылар» деген оймен жасыру да, өз бетінше диагноз қою да дұрыс емес. Медициналық куәландыруға келген азамат бұрынғы зерттеу нәтижелерін, ауруханадан берілген үзінділерді, мамандардың қорытындыларын жинақтап әкелгені абзал. Қолданыстағы қағидалар медициналық куәландыру рәсімін әскери-дәрігерлік сараптама ережелерімен байланыстырады. Азамат берілген қорытындының мағынасын түсінбесе, оны дәрігерден немесе жауапты маманнан сұрап білуі тиіс.
Болашаққа берілетін жолдама
Ел арасында жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған тағы бір үлкен мүмкіндік – Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінде өтеусіз даярлықтан өту жолдары. Әскери жүргізушілерді даярлау бағыты азаматқа көлік жүргізу дағдысын терең меңгеріп, кейін мерзімді әскери қызметке дайындығы бар кәсіби маман ретінде аттануға жол ашады. Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметінде әскери жүргізушілерді үш ай көлемінде даярлау, «В», «С» және «С1» санаттары бойынша жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі көрсетілген. Оқу кезеңінде курсанттар мемлекет есебінен жатын орынмен, сапалы тамақпен және арнайы киім-кешекпен толық қамтамасыз етіледі. Мұндай дайындықтың пайдасы тек әскери қызметпен шектелмейді, өйткені көлікті қауіпсіз басқару, техниканың жай-күйіне ұқыпты қарау азаматтық өмірде де әрқашан қажет.
– Әскерге дайындық кезінде көлік жүргізуді үйренгеніміз өте жақсы болды. Басында көлік басқару қиын сияқты көрінгенімен, біраз тәжірибеден кейін үйреніп кеттік. Нұсқаушылар бәрін түсінікті етіп түсіндіріп, практикада көрсетті. Қазір техниканы жақсы түсінемін, жолда да сенімді жүре аламын. Өмірде де, болашақта да іске асатын пайдалы нәрсе. Мүмкіндік үшін алғыс айтамын, – дейді Арал қаласының тұрғыны Даниал Ақназаров.
Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметін аяқтап келген азаматтар үшін білім алу бағытында да айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Үкіметтің ресми құжаттарында қызметтен шығарылғаннан кейінгі екі жыл ішінде ҰБТ нәтижелерін есепке алмай жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу құқығы, сондай-ақ қосымша грант негізінде тегін білім алу мүмкіндіктері көрсетілген. Бұл ретте «әскерге барғандардың бәріне тегін оқу беріледі» деген ұғымды жаңсақ түсінуге болмайды; грантқа үміткер болу, іріктеуден өту және нақты оқу орнына қабылдану белгіленген қатаң талаптар арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ әскери қызмет кезеңінде және ол аяқталғаннан кейінгі алпыс күн ішінде банктік қарыз немесе микрокредит бойынша кредиттік каникул алу құқығы, жұмыс орнының сақталуына қатысты мемлекеттік кепілдіктер де заңмен қорғалған.
–Мен жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң мерзімді әскери міндетімді өтеуге бардым. Алғашында қорқыныш, қобалжу сезімдері болғаны рас. Бірақ уақыт өте келе бәрін ұмытып кетуге болады. Бұл нәрсеге отбасындағы тәрбиенің де әсері бар деп ойлаймын. Ерке, түске дейін ұйқысын қандырып үйренген, ақсаусақ жігіттерге қиын тиетіні шынымен. Ал өзіме әкем де, атам да бала кезімнен әскердегі қызықтары туралы әңгімелерін айтатын. Ол кезде барлығы басқаша болғанымен қызығушылығым сол кезден-ақ басталған. Кейін шақырту алғанда бірден келістім. Келген соң емтихан тапсырмай-ақ магистратураға қабылдандым. Менің ойымша барлық нәрсе тек өзіңе ғана байланысты. «Қалауын тапсаң қар жанар» демекші, өзің тәртіптен шықпасаң, ережеге бағынып, берілген тапсырманы уақытылы орындасаң ештеңеден қорқудың керегі жоқ, – дейді магистратура түлегі Ерсамат Қобланов.
Ал әскери саланы өз өмірінің тұрақты кәсібі ретінде таңдағысы келетін азаматтар үшін келісімшарт бойынша әскери қызмет етуге толық жол ашық. Бұл ерікті негізде жүзеге асырылып, кандидаттың денсаулығы, білімі, кәсіби және жеке қасиеттері, сондай-ақ әскери лауазымға лайықтылығы мұқият бағаланады. Келісімшартқа отыру үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына, ал мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаз өз әскери бөлімінің командиріне ресми түрде баянат беруі тиіс.
Әскерден елге оралған жастардың өмірлік тәжірибесі болашақ сарбаздар үшін баға жетпес үлгі. Мәселен, қала тұрғыны Нұрбақыт Жансүгіров әскери қызметін абыроймен аяқтап, туған жеріне оралып, өз жоспарларын жүзеге асырып жүр. Осындай азаматтардың айтар пікрі де әрқашан маңызды.
– Әскерге баратын жастарға сұрағын алдын ала қоюға кеңес берер едім. Қандай дайындық қажет екенін біліп, денсаулығына көңіл бөлгені дұрыс. Құжатыңды реттеу, уақытты бағалау, өз ісіңе жауап беру қызметке дейін дe қажет. Әскерден кейінгі жоспарды дa ұмытпау керек. Оқу немесе жұмыс туралы ертерек ойлансаң, оралған соң қай бағытта әрекет ететінің түсініктірек болады, – дейді ол.
Жүйедегі жауапсыздық
Соңғы уақытта еліміздегі әскери бөлімдерде орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар, сарбаздың денсаулығына зиян келуі мен жұмбақ жағдайларда орын алатын қайғылы оқиғалар қоғамның қабырғасын қайыстырып, терең уайымға салып отыр. Бейбіт күнде, Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен жас азаматтардың амандығына кепілдіктің азаюы – әскердегі әлімжеттік, офицерлік құрам тарапынан болатын салғырттық пен ашықтықтың жоқтығы сияқты созылмалы дерттердің салдары. Бұл жағдайлар халықтың армия жүйесіне деген сенімін сарқып, бойында отансүйгіштік қасиеті бар жастардың да әскерден қашқақтауына, ал ата-аналардың үрей мен үміт таразысында қалуына алып келуде.
Қоғамдағы осы мәселеге қатысты көптеген аналардың пікірі де бір арнаға тоғысады. Солардың бірі Айнұр Сембиева:
– Әскер – ең алдымен азаматтың өмірі мен қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетін тәрбие мектебі болуы тиіс. Егер әскери бөлімдерде ашықтық пен тәртіп орнамай, офицер сарбаздың өмірі үшін жеке жауапкершілікті сезінбесе, ешқандай реформа оң нәтиже бермейді. Армияның беделін арттыру үшін ең әуелі сарбаздың құқығы мен оның адами қадір-қасиетін бірінші орынға қоюымыз қажет, – дейді.
ТҮЙІН: Бүгінгі таңда армия қатарында жүзеге асырылып жатқан реформалар, жастарға ұсынылатын білім беру жеңілдіктері мен кәсіби мамандық алу мүмкіндіктері мерзімді әскери қызметтің мәнін жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Дегенмен, бұл саладағы реформалардың сәтті болуы тек заңдар мен ережелерге емес, ең алдымен әскери бөлімдердегі ашықтыққа, офицерлердің жауапкершілігіне және армия ішінде сарбаз өмірі мен қадір-қасиетінің жоғары бағалануына тікелей байланысты. Жастардың әскерге қобалжусыз, саналы түрде аттануы үшін мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да жан-жақты қолдау мен бақылау тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Әскерде шыңдалған, білімді әрі тәртіпті жастар – еліміздің қорғаныс қабілетінің бекемдігі мен жарқын болашағының кепілі.
Г.МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
24 қараша 2026 ж. 51 0