Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық спорттан Қазақстан чемпионатының ашылу салтанаты өтті

Ұлттық спорттан Қазақстан чемпионатының ашылу салтанаты өтті

Бүгін Тараз қаласының Бектөбе атшабарында Қазақстан Республикасының ересектер арасында көкпардан – ХІХ, аударыспақтан – ХІХ, теңге ілуден – ХІІІ, жамбы атудан – V чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатына көкпар сүйер қауым мен Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев және басқа да Ұлттық спорттың ардагерлері, жанкүйерлер қатысты.
Чемпионаттың ашылу салтанатында сөйлеген әкімнің орынбасары ұлттық спортты дамыту арқылы ұлттың денсаулығын сақтауға мол мүмкіндік барын айтты. 
«Әуелі, киелі Әулие ата жеріне қош келіпсіздер. Ұлттық спортты дамыту арқылы ұлттың денсаулығын сақтау, жақсарту біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда еліміз бойынша ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Барлық спортшыларға жеңіс тілеймін. Аттарыңыз сүрінбесін», - деді Бекболат Орынбеков.
Ашылу салтанатындағы атты парадқа қатысқан спортшыларға КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.
«Қазақстан чемпионаты алғаш басталған жылдары 5-6 команда ғана қатысушы еді. Бүгін міне, көкпардың өзінен 15 команда бақ сынап отыр. Бұл үлкен жетістік. Елімізде ұлттық спорттың дамуына ат салысып жүрген жігіттерге алғыс айтамын», - деді ардагер көкпаршы.
Қазақстан чемпионатына еліміздің 14 облысы, 3 қаласынан 15 көкпар командасы, 20 теңге ілу шебері, 60 аударыспақ балуаны және 21 сұрмерген қатысатып жатыр.
https://baq.kz
21 мамыр 2019 ж. 849 0