Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » #Өзіңнен баста. «Аладдин» фильмі отандық прокатқа қазақ тілінде шықты

#Өзіңнен баста. «Аладдин» фильмі отандық прокатқа қазақ тілінде шықты

#Өзіңнен баста – голливудтық фильмдерді қазақ тіліне көркемдік дубляждау жобасы аясында 29-фильм отандық прокатқа шықты.

Бұл жолы «BI Group» компаниясының қаржылай қолдауымен «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломен» компаниясы және «Aray Media Group» студиясы «Disney» студиясының туындысы «Аладдин» фильмін қазақша сөйлетті. 
Фильм туралы айтатын болсақ, Аладдин атты жас ұры Жасмин ханшайымға үйлену үшін ханзада болғысы келеді. Ал Аграба уәзірі Джафар қаланы басып алғысы келіп, ғажайыптар үңгірінде сақтаулы тұрған сиқырлы шамды алуға тырысып бағуда. Ол үңгірге тек жүрегі таза, «қырланбаған алмаз» деп аталатын адам ғана кіре алады. Және бұндай адам – дәл осы Аладдиннің өзі.
«Әр жобаның өз жаңалығы болады. Бұл жобадағы басты жаңалық Аладдинді дубляждаған Айсұлтан Жалиев болды десем артық айтпаспын. Disney-дің сұранысы бойынша Аладдинді дубляждайтын актер аса таныла қоймаған, актерлық олимптің шыңына шыға қоймаған азамат болуы шарт еді. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып шықты. Айсұлтанға жолың ашық болсын деймін. Сонымен қатар, Жынды дубляждаған Дәурен Серғазин, Джафарды қазақша сөйлеткен Нұрлан Әлімжан да өз кейіпкерлерінің образын аша білді. Ал, Жасминді дубляждаған Шахназ Қызыханова эстрада жұлдыздарының талайын басып озды. Дәл осы рөлге көптеген әншілеріміз келген еді», - деп «Aray Media Group» студиясының негізін қалаушы Айгүл Қыдырғалиқызы фильмнің жабық көрсетілімінде дубляжға қатысқан актерларды атап өтті.
Оның айтуынша, дубляж кастингісіне 50-ден астам актер қатысып, 10-нан астам ән жазылған. 
Бұдан басқа, Джафарды дубляждаған Нұрлан Әлімжан өз кейіпкеріне тоқталды.
«Негізі жағымсыз кейіпкер ең жарқын образ. Оның көңіл-күйі бір сәтте өзгеріп, құбылады. Бұл кейіпкермен жұмыс істеу өте қызықты болды және маған даусымды кей кезде құрбандыққа шалуға тура келді. Ол үнемі айқайлай береді. Студияда кеш батқанға дейін айқайлай беру оңай соқпады. Кейде өз кейіпкерімнен өзім шошитынмын. Бұл Джафар, ол сен емес деп өзімді өзім жұбататынмын», - деді Нұрлан Әлімжан.
Жалпы, жабық көрсетілімге келген халық саны өте көп болды. Олардың ішінде кәсіби мамандармен қатар кішкентай бүлдіршіндер де болды.
«Маған Аладдиндегі Жын қатты ұнады. Ол сондай әзілқой, биші, әнші, сиқыршы. Өте қызықты болды. Ал Абу (маймыл – авт.) мен Аладдиннің ұрламайтыны жоқ. Негізі ұрлық жасаған дұрыс емес және де олар соны түсінді», - деді кішкентай көрермен Ерасыл жабық көрсетілімнің соңында.
23 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Аладдин» фильмін қазақ тілінде көруге болады. 

Айта кетейік, бұған дейін «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған «Дамбо» фильмітуралы хабарлаған болатынбыз.
https://baq.kz
23 мамыр 2019 ж. 764 0