Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Әміре» фильмінің трейлері шықты

«Әміре» фильмінің трейлері шықты

Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген «Әміре» фильмінің түсіру жұмыстары аяқталды. Кинотуындының түсіру тобы картинаның трейлерін жарыққа шығарды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильм 2018 жылы 5 сәуірде ұлттық прокатқа шығады.
Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор – Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen).
Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған.
Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Область тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен.
Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов алдағы тұсаукесер туралы ойымен бөлісті.
«Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақтаған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, өз елінде әділетсіз ұмыт болған. Сондықтан да мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды. Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, біздің музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдар, есімдер біздің тарихымызда қалуға тиісті. Әлем кинематографиясында музыка драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуға тиісті деп ойлаймын. Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деп үміттенем», - дейді ол.
«Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әміре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді.
Фильм, сондай-ақ, дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы туралы сыр шертеді.
«Әміре» фильмі Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына шыққалы отыр.
Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және т.б. әндері орындалады.
Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ, фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді.
Әміре Қашаубаевтың есімін кең насихаттау мақсатында былтыр «Әміре Парижде» атты кітап жарық көрген болатын.
03 наурыз 2018 ж. 1 357 0