Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Махаббат. Үміт. Астана» сериалына кастинг жарияланды

«Махаббат. Үміт. Астана» сериалына кастинг жарияланды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ресейлік «Студия кино» компаниясымен бірлесе отырып «Махаббат. Үміт. Астана» атты сериалдың түсірілімдерін қолға алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Астананың мерейтойына арналып түсірілетін төрт сериялы көркем туынды Ресейдің «Первый канал» телеарнасынан көрсетілетін болады. Сериалдың режиссерлері – Иван Глубоков (Ресей) және Олжас Ермекбаев (Қазақстан). Аталған фильм мистика және фантастика элементтері бар мелодрама жанрында түсіріледі.
«Сериалдың негізгі оқиғасы 60-шы жылдардағы Целиноград қаласында және арман қала ретінде көрсетілетін қазіргі Астана қаласында өрбиді. Елордамыз фильмнің басты декорациясы ретінде пайдаланылып қана қоймай, сонымен қатар, астаналықтармен бірге картинаның басты кейіпкері болмақ. Айтпақшы, фильмге эпизодтық рөлдерге кастинг жарияладық, сондықтан да, сериалға түскісі келген азаматтарға құлаққағыс етеміз», - деді сериалдың режиссері Олжас Ермекбаев.
Режиссердің айтуына қарағанда, кастингке 5 және 70 жас шамасындағы қазақстандықтар қатыса алады (ер адамдар, әйелдер және балалар).
Ол үшін casting.astana@mail.ru электронды поштаға келесі ақпараттарды жолдай аласыз:
1. Жақыннан (камераға қарап түскен қалыпты жағдайда және күліп түскен фотография), басынан аяғына дейін түсірілген бет бояусыз, өзгертілмеген, көзілдіріксіз және линзасыз фотосуреттерді;
2. Өзіңіз туралы ақпаратты: аты-жөніңіз, туған жылыңыз, бойыңыз бен салмағыңыз, біліміңіз, кинодағы тәжірибеңіз туралы мәлімет беретін анкета жолдауыңыз қажет.
«Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Махаббат. Үміт. Астана» сериалының тұсаукесері 2018 жылдың 6 шілдесіне – Астана қаласы күніне жоспарланған.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр 19 желтоқсанда Мәскеуде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «Первый канал» АҚ бас директоры Константин Эрнсттің кездесуі барысында, екі ел арасындағы кино индустриясын және телевизия саласын дамыту бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісім жасалып, бірлескен киножоба түсіру туралы келісімге келген болатын.

02 наурыз 2018 ж. 1 210 0