Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Алматыдағы арманым бөлме жалдап тұру болатын": Ләйлә Сұлтанқызы хрущевкадан қалай пәтер алғанын айтып мақтанды

"Алматыдағы арманым бөлме жалдап тұру болатын": Ләйлә Сұлтанқызы хрущевкадан қалай пәтер алғанын айтып мақтанды

Ләйлә Сұлтанқызы 27 жасында қалай хрущевкадан 3 бөлмелі пәтер алғанын айтты

Тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында ең алғаш Алматыға келген жылдары қалай қиналғанын айтып жазба қалдырған. Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша 2 курсынан  бастап-ақ, журналистикада жұмыс істеп, нәпақасын таба бастаған. Жыл санап табысы да, жұмысы да көбейген ол еңбектен қашуға болмайды дейді. 
"16 жасымда Алматыға оқуға түсуге келгенде бірінші арманымыз бөлме жалдап тұру болатын. Жатақханадан орын алу кәдімгідей қиын еді. Көп балалы, жағдайы нашар отбасы мен әлеуметтік әлсіз топқа жататындарға бірінші берілетін. Сөйтіп не керек жатақханадан орын бұйырмады, не пәтер жалдауға ақша жоқ, амал жоқ бөлме жалдадым. Оның үстіне араққұмар баласы бар қарияның ескі 2 бөлмелі пәтерінің 1 бөлмесін жалдадым. Тараканмен төбелесіп оянасың, туалетіне противогазбен кіресің, холодильникке қойған тамағын жейтін кезде жоқ болады. Обновка деген атымен жоқ, әкеңнің ай сайын жіберетін көмегі 1 қап картоп. Мен семірмей кім семіреді", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Әке-шешемнің де жағдайы мәз емес еді дейді тележүргізуші. Ол өзін дүниеге әкеліп, бағып-қаққан жандардың да төзімділігіне қайран қалатынын жасырмады. Тіпті ата-анасының базарда сауда жасағанын да ашық айтқан.
"Бірақ, жылтырағы төгілетін жадоның күлгін, көк тенін көзге өлтіріп жағуды ұмытпайсың. 2 курста 50 доллар (шамамен 7 мың теңге) айлық жалақысы бар жартыставкаға радиоға жаңалықтар дикторы боп жұмысқа кірдім. Сонымен айлық кіріс 1996-1998 жылдар аралығында 10 мың теңгеге жетті. Ол кезде қайтақұрудан кейінгі кезең, ала қап арқалап әке-шешем қаңғып ол жүр. Базарда нан, семішке сатады. Тапқан 200 теңгеге бәрімізді асырауға тырысады. Мен 4 бала тудым деп өкіметке шағымданбады", - деп ата-анасын мақтады Ләйлә Сұлтанқызы.
Студент шағында радиода жұмыс істеп, өміріне қажетті қаражатты өзі тауып үйреніп қалған журналист 27 жасында қалай пәтер алғанын айтып, құпиясымен бөлісті. Жас кезде бірнеше жұмысты қатар істеп, шаршадым демей жағдайыңды жасау керек дейді ол. Оның үстіне қазіргі заманның жастары үшін барлық мүмкіндік жасалғанын да айтып ашынды Ләйлә Сұлтанқызы.
"Содан 1998 жылдан бастап қосымша той жүргізгенім үшін 100 доллар алатын болдым, и то айында жылында, соған мәзбін. Бірақ не пәтерге, не көлікке жетпейді. Сол жылдан бастап ТВ-ға сюжеттер жасаймын, радиода dj -мін, айлығым 50 мың теңгеге жетті. Жалдамалы бөлмеден 1 бөлмелі пәтерге ауыстым. 2003 жылға дейін тойым бар, айлығым бар, ақылы сценарий жазатыным бар 5 жылда 7500 доллар жинап, хрущевкадан 3 бөлмелі пәтерге бауырым екеуміз қол жеткіздік. Әбден пәтерден пәтер жалдағаннан шаршағағандықтан болар 47 кв метрлік пәтер сарай болып көрінетін. Менен бақытты адам болмайтын. Тіл де үйрендік, 2-3 жерде жұмыс істедік, ұйықтамай түнімен монтажда отыратынбыз. Енді келіп 30 жаста пәтер ала алмаймын деу бос әңгіме. Айналайындар-ау қазір мүмкіндік көп, шекара ашық, қорқыныш жоқ, тіл білсең, көзін тапсаң 4 жерде жұмыс істеуіңе болады, отырып алып өкіметті кінәлап, елдің басына жуынды құйып коммент жазуға уақыт тапсаң ешуақытта пәтер алмайсың, өзіңе көңілің толмаған күйі өмірің өте береді. Ешкімге ренжіме, әрекет ет", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
http://stan.kz
04 маусым 2019 ж. 972 0