Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отандық ақын Болат Назарбаевқа кітап арнады: Елбасының інісі ақынға қандай сый-сыяпат көрсетті

Отандық ақын Болат Назарбаевқа кітап арнады: Елбасының інісі ақынға қандай сый-сыяпат көрсетті

Сарай ақыны Балтабек Нұрғалиев "Болат ағам-бәйтерегім" деп Болат Назарбаевқа кітап арнап біраз сынның астында қалған еді. "Сарай ақыны" аталып кеткен Балтабек Нұрғалиев Youtube желісіндегі "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында кітабы үшін елбасының інісінен қандай сыйақы алғанын айтып берді,

Ресейдің ГИТИС-іне грантқа түскен қазақстандық азамат бүгінде өз елінде абыройсыздың күйін кешіп, "интеллигентный бомж" болып жүргенін айтады.
"Ешбір жан бұл сөзіммен таласпайды,
Таласу текті жұртқа жараспайды.
Президент боп сайланса, жұлдыз тұлға 
Жолынан тәуелсіз ел адаспайды", - деп жырлаған сарай ақыны кезектен тыс сайлау өтпей тұрып, жырына Тоқаевты қосты. Оны жер-көкке сыйғызбай мақтаған Балтабек Нұрғалиев сайлауда Тоқаевтың жеңіп шығатынын қайдан білді деген заңды сұрақ туындайды. 
"Сайланса деп алға үмітпен қарап айтып отырмын. Бұл жерде кесіп, пішіп айтып тұрғам жоқ", - деп сытылды ол жауабында.
Елдің өткір сынына көп қалатын ақын өзі туралы:
"Балтабек-сөзін өлшеп, пішіп айтатын, әрбір сөзіне өзінің интеллектуалдық тұрғыдан дәлелі дайын, піскен, әр сөзіне жауап бере алатын, өте талантты, білімді ақын", - деп баға берді. Бірақ өзге ақындар мен тыңдармандарының пікірі кереғар.
"Балтабек - Ресейдің ГИТИС-ке грантқа түскен қазақстандық жалғыз азамат. Кобзонның өзі халықаралық ақындар мүшәйрәсында мойындаған қазақтың баласын неге бір қазақ мойындамайды? Қазақтың баласы ғой деп сыйлап, жағдайыңды жасамайды" деген сұраққа ол:  
"Мен бұндай нәрселерге көзқарасым түзу. Өмірдегі оқиғалардың бәріне қарапайым қараймын. Біз жапырақ сияқтымыз. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Көкейімде мұң жоқ емес, бар. Интернет желісінде неше түрліні жазып айтып жатады (көзіне жас алып). Бірақ менің өлеңдерімнің бәрі поэтикалық тұрғыда әдебиет теориясы мен әдебиет тарихының шеңберіндегі дүниелер. Мен білімнен, теориядан, тарихтан аттап, ешнәрсе жасап жатқан жоқпын", - деп жауап берді. 
Ал осы жылдың басында "Болат ағам - бәйтерегім" деп Болат Назарбаевқа арнаған кітабы жайлы:
"Елбасына өлең шығарғаным рас. Елбасының інісі Болат Назарбаевқа кітап арнағаным да рас. "Болат ағам-бәйтерегім", - деп әдемілеп жырлағаным, ол кітапты өз дәрежесінде жақсы жазып шыққандығым рас. Өзіме қатты ұнайды. Шығармашылығымның биік белесі көремін. Біз қазақ аз халықпыз. Бір-бірімізді көтермегенде сырттан келіп ешкім көтермейді", - деп ағынан жарылды. 
Қандай да бір саяси тапсырма емес пе деп ойлайтындарға және бұл кітапты жазудағы түпкі мақсаты туралы сұраққа былай жауап берді:
"Саяси тапсырыс емес. Саяси тапсырма алатындай жоғарыдағылардың ешқайсымен ешқандай қарым-қатынасым жоқ. Аз қамтылған, жағдайы нашар, көпбалалы аналар мен жетім қалған балаларға, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қамқорлық танытуын мен қазақ үшін жасалған еңбегі деп білемін. Жауға шапқан адамды ғана батыр деп есептейміз. Ал жауға шаппаса да, айналасындағы адамдарға күн сияқты шуағын шашып жүргені маған қатты әсер етті", - деп "бәйтеректей" ағасының жомарттығы осы кітапты жазуға итермелегенін айтты. 
Ал осы кітабы үшін қандай сыйақы алғанын ашып айтпаса да, "ол кітапты Болат Назарбаев бірнәрсе сыйласын деп жазған жоқпын", - деп, сыйлық жағын Болат Назарбаевтың даналығына қалдырды.
17 маусым 2019 ж. 1 188 0