Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Билік қазақты құртуға көшті": Мәди Манатбек терминдердің орысшалануына қарсылық білдірді

"Билік қазақты құртуға көшті": Мәди Манатбек терминдердің орысшалануына қарсылық білдірді

Күні кеше жаңадан сайланған министр Ақтоты Райымқұлова үш мыңнан астам терминнің қайта бекітілетінін айтқан болатын. Бұл ұсынысты қазақстандықтардың бірі қолдаса, екіншілері қарсылық білдіріп жатыр. Соңғылардың қатарында танымал тележурналист Мәди Манатбек те бар,

«Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ел биліктің әр сөзін аңдып, әр ісін бағып отыр. Дәл қазір піспеген шешімді асығыс қабылдай салатын кез емес. Елмен санаспаса, ортаға салмаса болмайды. Қоғамды дүрліктірген мәселенің бірі - мәдениет және спорт министрі болып кеше ғана тағайындалған Ақтоты Райымқұлованың қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздерді қайтадан орысша нұсқасына ауыстырамыз деген шешімі. Қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей бұлай істеуге оның моральдық хақысы жоқ. Онсыз да елеңдеп отырған елді, осы бір ойсыз қадам жайсыз күйге түсірді», - дейді ол. 
Әрі қарай Мәди Манатбек мұның барлығы билік пен халықтың өзара тіл табысуына үлкен кедергі болатынын жеткізді. Сондай-ақ, осы күнде көптеген қазақшаланған терминге үйреніп қалғанын жасырмады. 
«Осының өзінен кешелі-бері «билік қазақты құртуға біржола көшті, тілден айыру – елден айыру, бұған шыдауға болмайды» деген сияқты пікірлер қызу талқыланып жатыр. Былайша айтқанда жоқ жерден мәселе шығарып, елдің наразылығын қолдан тудырып отырсыздар. Сізге шынымды айтайын.
Өз басым «сынып», «мұражай», «пайыз», «әнұран», «мұрағат», «мейрамxана», «қолтырауын», «ұшақ», «ақау», «әлеует», «ота» деген сөздерге үйреніп қалдым. Самоварды самаурын дейтініміз сияқты бұл сәтті аударылған, отыз жылдан бері санаға сіңген сөздер. Аударылғаны бар, ежелден қолданылып келе жатқаны бар, бұл сөздерге қазақ әбден үйренді», - деді тележурналист. 
Бұдан өзге қате нәрсені қате деп айту керектігін жеткізді. Сондай-ақ, аудармаларды реттеу мәселесі қайдан бастау алғанына тоқталды. 
«Кеңестік дәуірде қалыптасқан аз ғана топқа қазақыланған атаулар ұнамайды екен деп ауыстыра салуға мен қарсымын. Басшы айтса болды ел қоштайды дегенді де қою керек. Ал "сымтетік", "қылтима", "күйсандық" деген сөздерге келсек, мұны ел қабылдамады, сондықтан олай айтпайды да. Бұл сөздерді ел қолданады деп қазаққа қарсы біреулер кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының аузына салып жіберген еді.
Аудармаларды реттеу керек деген содан басталғанын да білеміз. Негізінде аудармадан қорқатын ештеңе жоқ. Тіл - тірі ағза. Керегін алады, керек емесі қалады. Сондықтан асығатын ештеңе жоқ, ақылға салайық. Бұл шешімнен қайтпаймыз дейтін болсаңыздар, «класс», «музей», «гимн» деп өздеріңіз айта беріңіздер. Бірақ қазақша баламасына тиіспеңіздер. Гимн деп те, әнұран деп те айта берейік. Бұл тілімізді байытпаса кемітпейді.
Тіл комитеті, терминком, тіл институтының мамандары сіздерге бағынышты болғандықтан, үнсіз келісіп отырған болар. Бірақ іштей олар да наразы. Сондықтан тілді тұқыртып, елді түртпектей беруді қою керек. Тым болмаса елдің талқылауына салыңыздар. Жаны ашыған әр адам пікірін білдірсін, талқылауға қатыссын. Тіл - ұлттың жаны. Тіл, жер, тәуелсіздік мәселесінде отпен ойнауға болмайды», - деп қорытты сөзін Мәди Манатбек. 
Әлеуметтік желі қолданушылары да өз кезегінде тележурналисті қолдады. Арасында қарсы пікір білдіргендер де болды.
21 маусым 2019 ж. 926 0