Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Күйеуім тұрған үйге бомба түсіп, астында қалды»: Сириядан оралған әйелдер өкінішін жеткізді

«Күйеуім тұрған үйге бомба түсіп, астында қалды»: Сириядан оралған әйелдер өкінішін жеткізді

Өзге елден бақыт іздеп, оңбай қателескен отандастырымыздың өзегін енді өкініш өртеп жатыр. Сириядан оралған әйелдер басынан өткен сұмдық оқиғалар жайлы айтып берді. Қатты қателескенімізді білдік, бірақ кеш, дейді.

Өзегін өкініш кернеген келіншек 2015 жылы күйеуіне еріп, бес баласымен бірге Сирияға кетіп қалған екен. Сол кезде жолдасы Қазығұрт ауданындағы мектептің бірінде мұғалім болып жұмыс істепті. От пен оқтың ортасына «бақыт» іздеп барғаны сол-ақ екен, күйеуі мен үлкен ұлынан айырылған. Одан кейінгі өмірім тозаққа айналып шыға келді, дейді ол,
«Күйеуім тұрған үйге бомба түсіп, соның астында қалып кеткен. Ал үлкен ұлды атқан. Сол жерде қайтыс болған. Қалай қайтыс болғанының суреті мен видеосын көрсетті», - дейді Айгүл.  
Дүйсенкүл Сирияда 6 жылдай тұрған. Жұмақты аңсаймын деп тозақтан бір-ақ шыққанын ол кейін ұғыпты. Бірақ бәрі тым кеш болды, дейді. Кезекті ұрыс кезінде Құдай қосқан қосағынан айырылып, ізінше, тағы бір ер адамға тұрмысқа шыққанда, ол да көп ұзамай мерт болыпты. 
«Снайпер екі аяғынан атқан. Бауырдан, бүйректен атқан. Оны басқа да қазақ бауырлар құтқармақ болғанда: «Келме! Қазір келсеңдер, сендер де өлесіңдер, кетіңдер!» - деп айқайлапты. Соны көргендер кейіннен айтқандай, өзі еңбектеп келіп, бір үйдің ішінде жан тапсырыпты», - дейді Дүйсенкүл. 
Әуеден үздіксіз атқылаған снарядтар бала түгілі ересектердің де жүрегін шайлықтырып қойған дейді, кейіпкерлер. Жарылыс кезінде бас сауғалап, қашпаған жерлері қалмаған. Күнделікті ас-ауқатты тауып ішу былай тұрсын, ертеңгі күндерінің қалай болатынын көз алдына елестете алмапты. Соғыстың зардабын әбден тартқан олар енді ол жаққа аттап баспаймыз деп отыр. 
«Енді ол жаққа бармаймын. Енді түсіндім. Ол жақта қой терісін жамылып алған қасқырлар. Оның ойын екенін кейіннен түсіне бастадық», - дейді Дүсенкүл.  
Шам елінен келген отандастарымыздың бірсыпырасы осы күні арнайы бейімдеу орталықтарында жатыр. 
«Жусан» гуманитарлық операциясы барысында елге оралған түркістандық 27 азаматша мен 18 ер балаға психологтар мен теологтар айналысып жатыр. Мамандар оларды қайта бейімдеу біраз уақытқа созылуы мүмкін дейді.
«Олардың діни фундаменті, діни көзқарасы намаз оқымаған адамды күпірлікпен айыптау, оның дүние-мүлкін тартып алуды халал санайтын идеологияны қалыптастырған. Бұл шариғи дінде тәкфирлік идеология деп аталады. Олардың да оқыған кітіптары осы. Бастапқыда үш негізде оқыған. Міндеті, бірінші фундаменті осы үш негізді кітапты оқумен басталған», - дейді Түркістан облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Марат Мұстафаев.
Жалпы, «Жусан» операциясының үш кезеңінде Сириядан 524 отандасымыз елге жеткізілді. Оның 30-ы ер адам, 137-сі әйел, 357-сі кәмелетке толмаған балалар екен. Теңдессіз шараны еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мемлекеттік органдары халықаралық әріптестерімен бірлесіп жүзеге асырды.

https://stan.kz  

09 шілде 2019 ж. 722 0