"Тырнақтары сояудай, шаштары қып-қысқа": Жанар Айжанова қазақтың енелерін сынап тастады

Жас келін орамал тағып тұрғанымен беташар рәсімінде екі жеңгесінің басы жалаңаш болатынын да айтуды ұмытпады әнші. Орамалдың орнын, жөнін білмейтін болып кеткенбіз дейді Жанар Айжанова. Тіпті үлкен апалардың шаштары қысқа, тырнақтары ұзын болып, ешқандай өнегесі жоқ болып барады деп мұңайды ол.
"Келіншектің екі жағынан әп әдемі екі абысыны демеп тұрады. Жаңа келіннің басында орамал бар, екі абысыны жалаңбас. Сонда не болды? Біз өзі орамалды қай кезде тарту керек екенін де ұмытып кеткен сияқтымыз. Әрине бәрі емес. Бірақ өкінішке орай соңғы кезде жиі кездесетін көрініс. Ол ол ма, садақаға барғанда да, жалаңбас отыратын апаларымызды айтсайшы. Тырнақтары сояудай, шаштары қып-қысқа, төбесінің құйқасы көрініп отырады. Оған қарағанда жастардың орамалдары бар", - дейді Жанар Айжанова.
Артынша әнші жастарға кінә арту үшін әуелі өзіміздің кемшіліктерімізді ретке келтіріп алуымыз керек дейді. Тіпті келіннің сәлемін алу үшін де ене лайықты болуы керек дейді әнші. Бұл жағдайлар баланы бесікке салған кезде де орын алып жататынын жеткізді ол.
"Біз жастарға кінә тағу үшін, олардан едәуір саты биік тұруымыз керек. Яғни қазақтың салт-дәстүрін алдымен өзіміз біліп, өзіміз қадірлеу керекпіз. Орамалды 365 күн тағып жүрмесек те, орынды жерін білуіміз керек. Келін келгенде басын иіп сәлемін салады. Ал үлкендер шашымыз қолбырап, ұялмай "бақытты бол" дейміз. Шілдеханада кезінде де үлкендер баланы орамалсыз бесікке салып жатады" - дейді өнер иесі.