ШІЛДЕХАНА: НӘРЕСТЕНІҢ МОЙНЫ, ӘЙЕЛДІҢ БЕЛІ ТЕЗ БЕКІСІН ДЕСЕҢІЗ...

Танымал қаламгер Ахмет Жүнісов көзі тірісінде бұны былай түсіндірген: «Бибәтима пірлеріне мінажат етіп, жалынып медет сұрайды. Бір екі бала келсаппен босанғалы отырған әйелдің айналасын төпештеп, «түсті ме, түсті ме?» деп үйді басына көшіреді». Қалған әйелдер дүние есігін ашқалы отырған баланың игілігіне деп сойылған малдың етінен жиылғандарға ет әзірлейді. Мұның аты – Жарыс қазан. Жарыс қазан аталатыны: мұндайда ірку, мөлшерлеу, аяу деген болмау керек. Қазан неше жерден қайнап, ет неше жерде бір-бірімен жарыса асылып жатуы керек. Сонымен іңгәләп бала жерге түсісімен сырттағы екі көзі төрт болып отырған әкеге, қалған туыстарға бір желаяқ бала жүгіріп барып сүйінші сұрайды. «Жылқышы ма?», «Кестеші ме?» деп, ұл мен қыздың қайсысы екенін сұрайды. Сүйіншіні тез бере қоймаса, отырған бала біреулерінің тымағын, біреулерінің кимешек-шылауышын ала қашып, жалаң бас қалдырады. Олар тоқырайып отырғаннан ұялып, сүйіншіні тез береді. Осы күні бір әйел нәрестеге кіндік шеше болады да, ол босанған әйелге қалжа әкеледі. Жарыс қазанның бір жағына оның да қазаны қайнап, сол күнгі күтімнің бір жағын, босанған әйелдің бабын сол көтереді. Алдыда болатын шілдехананың жүгіне де ол ортақ болуға міндетті. Мұның есесіне баланың әке-шешесі оның қалағанын береді.