Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде қай мамандардың жалақысы артты

Елімізде қай мамандардың жалақысы артты

Арыстанбектің айлығы, шайлығына жете ме? Бұрынғы мәдениет министрі, бүгінгі ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының жалақысы әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Ай сайын 980 мың теңге алып келген экс-министр қазір небәрі 139 мың теңге табады екен. Дегенмен 1 маусымнан бастап жалақының өскені айтылды.

Мұхтар Әбдиев біраз жылдан бері облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты орталықта маман болып жұмыс істейді. Өткен айдың соңында әдеттегіден жоғары жалақы алып, президент айтқан тапсырманың орындалып жатқанына куәмін дейді.  
"Маусым айында көтерілген айлықтың 30 пайызға артқандығын көрдік. Айдың соңында жалақы алғанда бірден байқалды. Ол әлеуметтік жағдайға көп әсер етеді. Жалпы 30 пайызға көбеюі денсаулық сақтау, мұғалімдерге, әр түрлі салаға бөлініп реттелген екен", - деді облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Мұхтар Әбдиев.
Мемлекет басшылығының тапсырмасы бойынша биыл ең төменгі жалақы 42 мың теңгеге көтерілді. Оған дейін 28 мың теңге болатын. Бұдан бөлек бюджеттік мекемелерде істейтін еліміздегі 275 мың адамның еңбекақысы 35 пайызға өсті. Олар кітапханашылар, музей қызметкерлері, өзге де мамандар. 
"Биылғы жылы үш рет жалақы көбейтілді. Ең төменгі жалақыны көбейтудің нәтижесінде 1,3 млн адам өздерінің табыстарын көтерді. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес осы айдың 1 маусымынан мемлекеттік азаматтық қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға көтерілді", - дейді Бердібек Сапарбаев.
Әсіресе, мәдениет саласындағы мамандардың айлығын көтеру Арыстанбек Мұхамедиұлының арманы еді. Министр кезінде өзі 980 мың теңге алып жүрсе де, қарамағындағылардың қамын ойлапты.  Жақында ұлттық музейге директор болып тағайындалған кезде түрлі қауесет тарады. Амал жоқ, өзі шығып жауап берді.    
139 мың теңге жалақы бұрынғы министрдің күн көрісіне жетер ме екен? Егер ұлттық музейдің директоры осындай айлық алса, қатардағы қызметкерлердің табысы қандай болмақ. Әзірге, бюджеттік мекеме мамандары Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді еңбекақысы туралы ашық айта бермейді.
31 шілде 2019 ж. 734 0