Өрт кезінде ескерер ережелер


Егер, сіздің үйіңіз өртке оранса, үйдің ішінде қалмауға тырысыңыз. Мүмкіндік болса, тоқ көзін, газды өшіріп, есік-терезені жабыңыз. Есікті мұқият бітеп жауып, сыртқа шығып, көршілерге де хабарлаңыз. Үйден шыға бере баспалдақта ешқандай өрт болып жатпағанына көз жеткізіңіз. Егер, міндетті түрде тысқа шығатын болсаңыз, есікті ақырындап ашыңыз, әйтпесе, оттегінің әсерінен жалын шарпып өтуі мүмкін. Егер, үйден шыға алмай қалсаңыз, түтін жоқ жерді тауып алыңыз. Жасырынған жеріңізді қолыңызда бар заттармен (сулы болғаны дұрыс) бітеңіз, терезені ашпаңыз. Ашық тұрған терезе оттегінің тұтанып, өрттің өршуін үдетеді. Су алуға мүмкіндігіңіз болса, есік-терезені, айналаңызды дымқыл шүберекпен сулап, сүртіп отырыңыз. Егер, түтіннен тынысыңыз тарылса, шүберекті сулап, мұрныңызға басып демалыңыз. Егер, бір орыннан екінші орынға ауысу керек болса, еңкейіп не еңбектеп қозғалуыңызға болады, себебі, еден жақта оттегі көп. Өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, жасырынған жеріңізді айтыңыз.
Егер адамның үстінде киім өртеніп жатса, оның үстіне жамылғы тектес затты жабу керек, ал егер, сіздің үстіңіз өртеніп жатса, жерге жатып, әрлі-берлі аунаңыз, жанұшыра жүгірмеңіз. Өрт – тілсіз жау. Жаз шыға шөптер қурап, табиғатта өрт оқиғалары жиі болады. Көкке шығып, от жаққанда абай болу керек. Егер енді тұтанып жатқан жалын көрсеңіз, мүмкіндігінше сөндіруге тырысыңыз. Отты ағаштың жасыл бұтақтарынан жасалған сыпыртқымен, қап матасы, брезент матасымен, киімдермен сөндіріп көріңіз. Отты жауып, шетке сыпырып тастап, кішкентай от ошақтарын аяқпен басып тастау керек. Тағы бір көп тараған тәсіл – оттың үстін жер құммен көміп тастау керек. Егер өз күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, құтқарушылардан көмек сұрап, тез арада қауіпті орыннан кетуге асығыңыз.
Арал ауданының төтенше жағдайлар бөлімі.