Қызылордада қаланың балалары ауылда өмір сүріп көрді (ФОТО)

Оқушылар бойындағы қарым-қатынас мәдениетін дамытып, адамгершілікке, мейірімділікке баулу арқылы патриоттық сезімді ояту. Жобаға 8-10 сынып аралығындағы облыстағы білім беру мекемелерінен келген оқу озаттары мен қоғамдық жұмысқа белсене араласып, көзге түскен жеткіншектер қатысты. Жалпы саны 50 оқушы қамтылған шарада бес үйірме жұмыс істеді. Олар 5 ұл, 5 қыз баладан құрылған командалық топтарға бөлінген. Алты күн аралығында бұл топтар ұн, сүт, жүн өнімдерін ұқсатып, ағаштан түрлі бұйымдар жасау, ұлттық ойындар бағытына негізделген үйірмелерге қатысты.


Лагерь алаңында қазақ халқының тұрмыстық салт-дәстүрлеріне арналған тренинг, ауыл экономикасы туралы ой-толғау, пікірталас ұйымдастырылды. Балалардың көтеріңкі көңіл-күйде жүруі үшін би кештері, пародия, өлкенің әсем мекеніне арналып түсірілген фото, видеобайқаулар жарияланып, топ мүшелерінің белсенділігі сыналды.

Шара соңында жетекшілер «Ауыл кеші көңілді» айдары аясындағы сайыста үздік өнер көрсеткен оқушыларға алтын сақа тапсырды. Үйірме мүшелері де демалыстан алған әсері мен ұйымдастырушыларға деген алғыс жазылған хаттарын киіз үйге ілінген қоржынға естелікке қалдырды. Қызылорда облысы «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжаһан Ізбасарова:
– Жоба биыл екінші жыл қатарынан жалғасын тауып отыр. Ауыл өмірінің өзгешелігін түсініп, еңбекке бел буа кіріскен оқушылар саяхаттың нәтижесінде көп нәрсе үйренді. Ұлдар ұсталық өнерге қызыға атсалысып, пішен орып, төрт түлік малды өріске өрбітсе, қыздарымыз ине ұстап, ісмерлікке үйренді. Біздің де мақсат жасөспірімдерді бір бағыттағы кәсіпке бейімдеу, жастардың тұлғалық қасиеттерінің толысуына ықпал жасау болып табылады, – деген ойымен бөлісті.

«Аз уақыттың ішінде көп тәжірибе жинадық. Осы аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, жақынырақ танып білдік. Күн сайын ауылдарда болып, сиыр сауып, айран сүзіп, құрт қайнатудың сырына қанықтық. Алты күн аздық етті, келесі жылы да келуге тырысамын», – деді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамыту шеңберінде өткен жобаның жеткіншектерге берері көп. Жаңа оқу жылы алдында ерекше серпіліс алған шәкірттердің, ізденіс пен білім жолына белсене кірісері сөзсіз.