Жоқ тістің денсаулыққа әсері

Азу тістің бірі жоқ адам көбінесе азу тісі бүтін тұрған жағымен шайнайды. Бұл бара-бара беттің бір жағындағы бұлшық еттердің екінші жағына қарағанда ерекшеленіп, білеуленіп кетуіне соқтырады. Нәтижесінде иек те бір жағына қарай қисаяды.
Азу тістің біреуі емес, бірнешеуі жоқ болса, салдары бұдан да қатты күшейеді. Азу тісінің 2-3 тісі жоқ адамның бет-әлпеті бұзылатыны сондай, ол өзінің жас шамасынан әлдеқайда үлкен көрінеді. Оған төңірегіндегілер, өзімен қатарластар да, өзінен үлкендер де егде адам ретінде қарай бастайды. Мұның басты себептері:
— Беттің ұзына бойының 3-тен 1-ге жуығы қысқарады. Астыңғы еріннің етегінде әжім пайда болады;
— Ерін мен кеңсіріктің арасындағы қыртыс тереңдейді;
— 2 езу төмен түседі.
Азу тістер бүтін болмай, тамақ шайнау қиындаған кезде де ас шайнауға алдыңғы тістер белсенді қатыса бастайды. Осының салдарынан уақыт өте келе олардың арасы ашылып, бір-бірінен алшақтайды. Тіс пен жақ сүйек жүйесінің әдепкі қалпы бұзылады. Ас шайнаудың тек сау тістермен жүзе асуының нәтижесінде төменгі жақ сүйек әуелгі қалпынан ауытқып, бір жағына қарай майысады. Сонымен қатар тамақты үнемі бір жақпен шайнау бет бұлшық еттерінің бір жағына қарай қисаюын туғызады. Нәтижесінде тісі жоқ адамның бет әлпеті бір жағына қарай қисайып кетеді. Осының бәрі түптеп келгенде, самай төменгі жақ сүйек буынында ауру туғызады. Науқас адам аузын әрең ашып-жабатын күйге жетеді. Мұны ең мықты деген стоматолог-дәрігердің өзі де емдеп бере алмауы мүмкін. Яғни, тісті емдейтін уақыт ұзарып, тістің арасы бір-бірінен алшақтаған сайын жасанды тіс салдыру, кемшіліктің орнын толтыру қиындай береді.
https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/58601/