Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіс саулығын ойлаған

Тіс саулығын ойлаған

«Ас – адамның арқауы» дейтін болсақ, сол ауызға түскен астың қандайын болсын өңдеп, баптайтын тіс. Осыдан-ақ, адам өмірінде тістің маңызын білеміз. Мәселен, дұрыс шайналмай немесе шала шайналған тағам асқазанның қызметін бұзып қана қоймай, өзге де ағзаларға зиян келтіреді.  Тістің саулығы мен әдемілігі адамның көркін ашып, күлкісін жарқын етеді. Сол үшін де сөз сөйлеуге ерекше әсер ететін тістің күтімін ерте бастан жасап, ауыз қуысының тазалығын сақтау көптеген аурулардың алдын алады.
Міне, осы орайда тұрғындарғаәдемі күлкі сыйлап жүрген Сексеуіл кентіндегі «Азиза-Дент» стоматологиялық кабинеті бүгінде өз жұмыстарын жақсы дәрежеде орындап жүр. Қазалы қаласынан арнайы келіп, кент тұрғындары мен теміржолшы азаматтарға сапалы қызметін ұсынып жүрген стоматологиялық кабинеттің меңгерушісі Қонысбай Сағидуллаевты ауыз қуысының зақымданған орындарын қалпына келтіру жолдарын терең меңгерген маман деп айта аламыз.  Отыз алты жыл бойы Қазалы темір жол ауруханасында тіс технигі болып абыройлы қызмет атқарған ол, жуырда Қазалы қаласынан жеке тіс емханасын ашып, өз кәсібін шыңдады.  Онда озық технологиялар, шетелдік турбиналы стоматологиялық қондырғылармен жабдықталған. Атап айтар болсақ, кiреукеге зиянын тигiзбей, тiс қақтарынан, тастардан тазалап, түбiр өзектерiн ультрадыбыспен кеңейтетiн және жасанды тiс сауыттарын кеспей алатын «Suprazon» скаллерi, ауыз қуысын көрсете отырып, науқасқа кеңес алуға мүмкiндiк туғызатын бейнекамераны да осы жерден кезiктiрдiк. Келушiлерге жаңадан қосылған тiс емдеу дәрi-дәрмектер тiзбесi және өз ауру нәтижелерiне байланысты материалдармен таныса отырып, қызмет түрiн таңдау еркiндiгi бар. Мәселен, тiс жұлу кезiнде германдық, ресейлiк жансыздандыру дәрiлерi, емделушiнiң жұлатын тiсiн тiнаралық жансыздандыруға арналған «Ergoject» шприцi, тiс тұқылдарын тазартуға арналған «Анкер» штивтерiмен қалпына келтiру, пломбалық материалдардың сәулемен, химиялық жолмен қатайтатын түрлерiн қолдану жұмыстары оң нәтижесiн беруде екен. Ал, енді өзі басқарып отырған Сексеуіл кентіндегі  стоматологиялық  кабинетіндеқызы, дәрігер-стоматолог Азиза Сағидуллаева мен көмекші аяжан үшеуі күніне он шақты адамның  тісін емдейді.
– Ауызда жиі кездесетін аурудың ең көп тараған түрі – тісжегі, яғни кариес. Мұнда әуелі тістің эмалі үгіледі, содан кейін дентині ойылады. Сәбилердің сүттік тістері, жалпы жас балалардың тістері жиі ойылады. Негізінен, тіс бірден ойылмайды, әуелі ол тіс эмалінде кішкене дақ түрінде білініп, ұлғая келе эмальді бұзып, дентинге түседі. Дентині бұзыла бастаған адамның тісі ыстық немесе салқын ас ішкенде, тістің арасымен салқын ауа жүргенде ауыра бастайды. Тістің ауруын дәл осы кезде емдеп тоқтатуға болады, егер де дәрігердің қабылдауына дер кезінде жүгінсе. Негізінен, тісті 3-4 жастап бастап жақсы күткен абзал. Өйткені, адам ержетіп, сүт тістер түскенімен де, сол кезде жасаған тіс күтімі ересек кезінде де маңызды рөл атқаратын болады. Стоматолог-дәрігердің басты көмекшісі болған жылдары тіс сауыттарын, әр түрлі көпірше тәрізді протездерді, алынбалы бюгель протезін салып, бет жақ сүйек конструкциясын жасадық. Әрине, жасанды тістен табиғи тісің мың артық. Қатаң түрде тіс күтімін қадағаласа, тісті ұзақ жылға дейін сақтауға болады,– деді өз ісінің шебері Қ.Сағидуллаев.
Света Үсенқұлова.
10 тамыз 2018 ж. 1 523 0