Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдемі қартаю – абырой

Әдемі қартаю – абырой


Таңертең жолда екі немересін жетектеп, көңілді күйде алдымда жүріп отырған қарияны көргенде, «шіркін-ай, балалық шақтың нағыз қайталанбас кездері ай» деп өткеніңе қызыға қарайсың. Еш уайымсыз тек қана ойын әлеміне сүңги батқан балаға қарап нағыз бақыттың кілті балалық шақта екеніне көз жеткізесің. Біздің бала кезімізде жүрегіміз кішкентай күйсандық секілді. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана күйсандық ашылады. Ал білім мен тәрбие беретін адамның қолында әр кезде сол кілт жүруі керек. Ал сол кілт осы бір бақытты қарияның қолында секілді көрінді маған.
Көнекөз қариялардың «абыроймен қартайғанын берсін» деген сөзін жиі естіп өстік. Алғашында естіген жан ол сөздің мағынасына мән бере қоймауы мүмкін. Өз басынан өткерген адам ғана бір кездері естіген сөздің мәйегін өз уақытында біліп жатады. Біз ес біле бір баласының, тілеулестерінің, тіпті көрші-көлемінің де амандығын тілеп, бес уақыт намазын оқып, Аллаға сыйынып дұға жасап отыратын әкені көріп өстік. Кей кездері өзгенің айтқан теріс сөзі үшін де "көршім артық сөз айтып қойды, Алла оған сабыр бере гөр" деп кешірім сұрайтын. Күні-түні өзімен-өзі гүбірлеп сөйлескенін қызық көрген бізге: "Қолым қалт еткенде бар уақытым бос әңгіме емес, зікір айтумен ғана өтіп жатыр. Соның өзі ең бірінші адами парызымыз" деп жауап беретін. Балалық шақта жастай осындай тәлім-тәрбиеге кенелсең, өсе келе жан-жағына қарап одан әрі бой түзейді екенсің. Иә, бойымыздағы адамдық қасиеттер – ата-анаңнан қалған асыл мұра. Адам көргенімен өседі деген ақиқат екеніне көзіміз анық жетті.     
Қазақ үшін қартаю – абырой. Сол шақтың абыроймен өткенін кез келген қазақ қариясы мұрат етеді. Олар үшін отбасы ортасында, бағып-қаққан ұлдары мен қыздары, немерелері мен шөберелері, құдалары мен ағайындарының арасында маңғаздана отыру, жақындарының ыстық ықыласы мен қамқорлығын сезіну, ешнәрседен мұқтаждық көрмей, ауыл-аймақтың үлкені мен жастарының сәлемін қабылдап, ақ батасын беріп, үлкенді-кішілі арасында сыйлы болу зор ғанибет. Ой-қиял, арман-тілегіміз уақыты келгенде бізден кейінгілерге де көшіп, ұлттың ізгілік ұясына айналған құндылықтар ұрпақтар сабақтастығы арқылы ұзағынан сүйіндіріп, өз жалғасын тауып отырады.
Біздің бойымызда адамгершіліктің аса таяғындай асыл құндылықтарды қалыптастырған кестенің бізіндей мінез-құлқымыз, ұлағатты ұлттық қадір-қасиетіміз, қоғамдық, әлеуметтік болмысымыз, кісілік қасиеттеріміз, рухымызға жігер беретін шабытты шақтарымыз, көңіл құлазытар олқылықтарымыз, үмітсіздікке салынуымыз, тіптен барша арман-тілегіміз, міне, мұның барлығы ықылым заманнан ығысып келе жатқан дүниелер.
Қартаюдың қазақи пайымы – пәлсапалықта, психологиялық тұрғыдан үйлесім тапқан өлшем. Өйткені қария үшін өзіндік төрінен түспей, сыйын қашырмай, әдемі қартаю өнеге. Өкінішке орай сол бір адам көзі көрмес ұлағатты тағылымнан бүгінгі күні біртіндеп айырылып бара жатқандаймыз. Қарияның ұлық жасын құрметтеу, ғұмырлық тәлімін сыйлау, өткеннің сынығы деп қадірлеу сынды ұлттық ұғымды бүгінгі ұрпаққа сіңіру – бізге парыз.
         «Қарттық» сөзіне нақты анықтама беруге болмайды, өйткені әр қоғамда бұл сөздің мағынасы мәдениетіне, ұлттық болмысына қарай әр түрлі сипатталады. Көптеген мемлекеттерде қарттықты өмір сүрген ғұмырына қарай өлшейді. Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның ба­та­сын­сыз қазақ қоғамында қордалы бай­лам­дар жа­са­лып, іс басталмаған. Атам за­ман­нан бері ке­ле жатқан игі дәстүр бұл. Айтар сөзін бірде астарлап, бірде мысқылдап, еттен өткізіп, сүйекке жеткізген. Қажет жерінде қара тасты қақ айырып түсетін от ауызды, орақ тілді шешен болған. Би адамның жан дүниесін, мінез құлқын бір көргеннен ақ тап басып танитын болған. Осы бір көнеден ке­ле жатқан үйлесім мен үлкенді сый­лау дүниетанымы бүгіндері өзгеріске ұшырап, қарияны сыйлаған дәстүр ескінің сарқыншағы іспетті ақырындап, ғасырлардың қойнауына еніп ба­ра жатқанын байқамау мүмкін емес.
         Жаһандану дәуірі жетті. Жас­тар өз ұрпағына за­ма­на­уи, жан-жақты тәрбие бергісі келеді. Түрлі тілдерді меңгертіп, сан алу­ан кәсіптің құлағында ой­на­са деп ар­ман­дай­ды. Болашағының бақытын ой­ла­май­тын ата-ана жоқ. Бірақ біз сол ата-ананың қадірін біліп жүрміз бе? Олай дейтініміз, "бүгінгі күннің тақырыбы" туралы әңгіме соңғы кезде жиі айтылып жүр. Сол тақырыптың бірі – қарттарымызды қадірлеп, сыйлай білуіміз. Қарттары сыйлы болған елде халықтың бірлігі берік, саналылығы жоғары, адамдығы зор болады. Қарттардың жағдайы бүкіл елдің тыныс-тіршілігін айна-қатесіз бейнелейді. Ақ самайлы жандардың жай-күйі – мемлекеттің бүгінгі жағдайы. Қарттарымызға қамқорлық жасау арқылы біз жарқын келешегімізге жол салатынымызды ұмытпасақ болғаны.
         Уақыт зымырап, зулап өтуде. Қарттың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Уайымы сырлас та сыйлас қатарының сиреп, жаны өткен күнді аңсап, достары мен жақындарын, жалғыздыққа бой ұратын кезінде қарияларымызға демеу болғанымыз абзал.
Күнзипа Зденова
10 қыркүйек 2019 ж. 2 121 0