Баланың тіл астындағы жүгеншегі қысқа болса...

Бұл ақау ауыз қуысына үңілгенде бірден көзге көрініп тұрады. Оны емдеудің екі жолы бар: – консервативті (артикуляциялық гимнастика арқылы буындарды созу); – хирургиялық (френулотомия). Екінің бірінде баладағы тіл жүгеншегінің қысқа болуы ата-анасының біреуінен тұқым қуалаушылық жолымен беріледі. Егер генетикалық жолмен берілмесе, бірінші триместрде эмбрионның тіс-жақ сүйек жүйесі қалыптасып жатқанда орын алған зиянды әдеттер ықпалы болуы мүмкін. Жүктілік кезіндегі токсикоз, болашақ ананың вирустық аурулары, стресс, дәрі ішу, бояулармен, химиялық реактивтермен жұмыс істеу – осының барлығы тіл жүгеншегінің қысқа боп тууына себеп бола алады. Кей жағдайда баланың анасы отыз бесінен асқанда босанған болса да бұл мәселе алдынан шығуы мүмкін екені анықталған. Мұның басқа да себептері болуы мүмкін, алайда бұл толықтай зерттелмеген.