Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күнәдан сақтанудың 5 жолы

Күнәдан сақтанудың 5 жолы

 alashainasy.kz Бірде ислам әлемінің белгілі тұлғасы Ибраһим Адһамға бір кісі келіп:
-Уа, Әбу Исхақ! Мен күнә батпағына батқан бір бейбақпын. Күнә атаулыдан арылып, жүрегімді тазалайтын жол көрсетуіңізді сұрап алдыңызға келіп тұрмын,-деп мұңын шақты. Ғұлама:
-Көнсең, бес қасиет бар, соны істеуге шамаң келсе, күнәдан толықтай арыласың. Жүрегің де рақат табады,-деді.
-Уа, Әбу Исхақ! Көндім, айтыңыз.
-Егер Аллаға күнә жасасаң, жаса. Бірақ Оның берген ризық-несібесінен бір түйірін де аузыңа салушы болма!
-Жер бетіндегі барлық ризық Онікі. Қайдан қоректен демекшісіз?
-Ендеше, Оның берген ризығымен қоректене отырып, Оған күнә жасау қалай болмақ?
-Дұрыс, бұған көндім. Екіншісін айтыңыз.
-Жасайтын күнәңді Оның иелігінен тыс аймақта жаса.
-Бұл – әуелгісінен де ауыр талап. Шығыс пен батыс арасы – түгелдей Оның меншігі. Жеті қабат аспан мен жер – тұтастай Алланікі. Қайда барып пана табам?
-Олай болса, Оның жаратқан жерінде өмір сүріп, Оның ризығын жеп әрі Оған күнә жасау ақылға сыя ма? -Рас, бұған да көндім. Үшіншісін айтыңыз.
-Оның берген ризығын жеп, Оның иелігі болған жерде өмір сүріп күнә жасамақ болсаң, Оның назарына түспейтін орын тап та, сол жерде жасайтыныңды жаса.
-Уа, Ибраһим! Жеті қабат аспан пен жер астындағы әрбір қыбырлаған тіршілік Оның назарынан тыс қалмайды. Ол – ішімізде бүккен сырдан да Хабардар.
-Ей, пенде! Оның жерінде, берген ризығын жеп отырып, Оның көріп тұрғанын біле тұра, күнә жасауың жөн бе? -Дұрыс. Төртіншісі не болмақ?
-Өлім періштесі келіп, жаныңды алмақ болса: «Шынайы тәубе етіп, ізгі амал жасауға мұрсат бер» — деп жалбарын!
-Уа, Ибраһим! Өлім періштесі қас-қағым сәт те уақыт бермес. Мен қанша жалбарынсам да, аяушылық танытпайтыны – ақиқат.
-Иә, өлімге қарсы тұруға ешбір қауқарың жоқ. Ажал келсе, уақытын кешеуілдетуге ешбір шара жоқ екенін білесің. Ендеше, құтылудың жолы қалай болмақ?
-Түсіндім. Бесінші ақылыңызды айтыңыз.
-Қиямет күні тозақ періштелері Заббанилер келіп алып кетпек болса, олармен барушы болма! -Олар мені бостан-босқа жібермейді. Олардың уысына түскен пендені тек Жаратқан ғана құтқарады.
-Ендеше, қалай құтыларыңды біліп тұрсың ғой?!
-Уа, Ибраһим! Болды, жетер, түсіндім. Құдіреті күшті Раббыма тәубе еттім. Уа, Раббым! Күнәһар пендеңді кешіре гөр! — деген екен.

21 қазан 2019 ж. 884 0