Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ораза тұтудың шарттары

Ораза тұтудың шарттары

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Бала күнімізден әрқайсымыз Рамазан айы келді, ораза басталды дегенді естіп, ата – әжелеріміздің ораза ұстағандарын көріп өстік. Қазір де, Аллаға шүкір, Рамазан айының келуіне қуанып, ораза ұстағандардың саны күннен күнге артуда. Аса мейірімді Алла Тағала сіз бен бізге жылдағы басқа айлардан артық етіп Рамазан айын таңдады. Бұл ай береке мен жақсылық айы.Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.
Алла Тағала былай дейді: «Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді».
Рамазан айында себепсіз ораза ұстамаған адам күнә істеген болады. Әрі Алла алдындағы жауапкершілігін орындамағаны. Сондықтан тәубе етіп, Алладан кешірім сұрап, көп кешіктірмей қазасын ұстауы шарт. Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: “Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі”. Рамазан айында ораза ұстау – Алла Тағаланың әмірі. Мұсылмандар бұл әмірге мойынсұнуы керек. Егер бір мұсылман себепсіз Рамазан айында оразаға ниет қылмай, тамақ ішсе, ұстамаған күндерінің оразаларының қазасын ұстайды, кәффарат шарт емес. Өйткені кәффарат – ораза ұстамаудың емес, бастаған оразаны бұзудың жазасы. Оразаны тұтудың тәртібімен танысайық.
Оразаны бұзбайтын жағдайлар:
– аузы берік екенін ұмытып ішіп жеу оразаны бұзбайды, бірақ ораза екені есіне түскенде дереу доғаруы тиіс;
– дәрігер ораза тұтушының ішіне бір темір салып қайта шығарса;
– ауызға келген қақырықты ұмытып жұту;
– суға шомылғанда құлаққа еркінен тыс судың кіруі;
– темекі түтінін, қандай да бір түтіндерді еркінен тыс жұту;
– адамның тамағына шаң-тозаң мен шыбынның еркінен тыс кіруі;
– көз жасы мен беттен аққан тердің ауызға кіруі, алайда аузы берік екенін біле тұра оны жұтса бұзылады;
– сәресіден ауызда қалып кеткен ноқаттан кішкентай нәрсені ұмытып жұту;
– адамның еркінен тыс келген құсық;
– қан алдыру;
– сүрме жағу;
– денеге май жағу;
– салқындау мақсатында шомылу;
– бас пен қарынға жағылған дәрі денеден ішке кірмесе;
– көз бен құлаққа дәрі тамызу;
– тіс жұлдыру, алайда ішке қан, дәрі, су кетпеуі шарт;
– ине ектіру (денеге қуат беретін витаминдерді ине арқылы қабылдау оразаны бұзады).
Оразаны бұзатын жағдайлар
Төмендегі жағдайлар оразаны бұзып, тек қазасын өтеуді қажет етеді:
– әлі іші толмаған жаңғақ пен кепкен пістені қабығымен жұтып жіберу;
– ауызға алып ішке қабылдайтын дәрі-дәрмектің барлығы;
– мұрынға дәрі тамызу;
– тамаққа май құйғышпен сұйықтық өткізу;
– бастағы немесе қарындағы жараға жағылған дәрінің денеге (асқазан мен миға) енуі;
– жаңбыр, қар мен бұршақты байқаусызда жұтып қою;
– дәрет алу барысында мұрын мен тамағын шайғанда байқаусызда кеңсіріктен судың өтіп кетуі;
– өз қалауымен, біле тұра мұрнымен немесе аузымен түтін жұту;
– ұйықтап жатқан кісінің аузына су құйып жіберу;
– ораза екенін ұмытып тамақ жеп қойған кісінің оразам бұзылды деп ойлап тамақ ішуі;
– тістерінің арасында қалып кеткен ноқаттай нәрсені жеу;
– өз қалауымен құсу (еркінен тыс);
– ауыз толтыратындай мөлшерде еріксіз келген қақырықты жұту;
– сәресі уақыты өтіп кеткенін білмей тамақ жеп қою;
– күн батты деп уақыт болмай тұрып ішіп – жеу;
– әйелін сүю, құшақтау нәтижесінде мәнидің келуі;
– Рамазан айында ораза ұстауға ниет етпей тамақ ішіп-жеу. Бірақ жоғарыда ескерткеніміздей себепсізден-себепсіз ораза ұстамау үлкен күнә;
– қан жұту. Ауыздағы қанның көлемі түкіріктен көп болса ораза бұзылады;
Ескерту:
1. Биыл, яғни 2018 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша Қасиетті Рамазан айы 30 күн.
2. Маусым айының 10 - нен 11 - не қараған түн қасиетті «Қадір түні».
3. Ауыз ашарда дұға жасап болған соң әуелі құрмамен, сумен ауыз ашылады.
4. Тарауық намазы Құптан намазынан кейін оқылады, ал Үтір – уәжіп намазы ең соңынан жамағатпен имамға ұйып оқылады.
5. Пітір садақаны рамазан айының басынан айт намазына дейін беріледі. Пітір садақа Арал ауданы бойынша 300 теңге.
6. Ораза айт маусым айының 15 – і (Жұма) басталады.
Айт намазын Арал қаласында сағат 07:30де оқылады.
7. Рамазан айында құда жолы садақаларыңызды кешкі ауыз ашар уақытында өткізгендеріңіз абзал!
8. ОРАЗАҒА НИЕТ: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».
Мағынасы: «Алла Тағаланың разылығы үшін қасиетті рамазан айының бір күндік оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім.»
9. АУЫЗАШАР ДҰҒАСЫ: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту».
Мағынасы : «Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық - несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!»
Құрметті мұсылман бауырлар!
Алла Тағала бәріңізге мықты денсаулық, зор күш - қуат берсін, жасаған ғибадаттарыңыз бен тұтқан оразаларыңызды қабыл етсін!
Діни тұрғыда толғандырған сұрақтарыңыз болса, мына байланыс телефондарына хабарласыңыз: 87028048454.
«Арал аудандық орталық» мешітінің бас имамы Рахметтегі Съезбек қажы Евилханұлы
15 мамыр 2018 ж. 2 530 0