Қазақстан ауылдарды су басуына байланысты Өзбекстанға нота жолдамайды – СІМ

Бұған дейін "Атамекен Бизнес" телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов мемлекет Өзбекстанға Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуы туралы толық ақпаратты талап ететін ресми хат дайындап жатқандығын айтқан болатын.
Сыртқы саяси ведомствоның өкілі Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің жарылуы және Түркістан облысындағы он елді мекенді су басу жағдайы Қазақстан үкіметінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
"2 мамырда Қазақстан Президенті Өзбекстан басшысымен телефон арқылы сөйлесті, тараптар қалыптасқан жағдайды талқылап, екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмыс атқаруы туралы келісімге келді. Су тасқыны салдарын бірлесе жою бойынша үкіметтер мен шекаралас аймақтардың басшылары тығыз ынтымақтастық орнатқанын ескерсек, өзбек тарапына нота жіберуге қажеттілік жоқ", - деді Смадияров.