Елімізде Әскери медицина академиясы құрылады
Жаңа білім беру мекемесі Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы базасында құрылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта жоғары медициналық білім беру және әскери интернатура бағдарламалары бойынша әскери дәрігерлерді Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен бірлесіп дайындайды.
Ал жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери-медициналық кадрларды дайындау «Астана» медициналық университетімен академиялық ұтқырлық шеңберінде ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің әскери медицина кафедрасының базасында жүзеге асырылады.
Халықаралық ынтымақтастық желісі бойынша Ресейде, Өзбекстанда, Арменияда, Қытайда және Түркияда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланатыны хабарланды.
Айта кетейік, жобаны іске асыру қолда бар мекемелерді қайта ұйымдастыруды, ұйымдастыру шараларын жүргізуді, қажетті инфрақұрылымды, академияның оқу-материалдық базасын құруды, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді және лицензия алуды талап етеді.
Сурет: ашық дереккөзден