Шерзат Полаттың отбасы қауіпсіз жерге көшірілді
Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Шерзат Полаттың отбасы қауіпсіз жерге көшірілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айтбек Амангелді Қазір Шерзат Полаттың отбасы басқа баспанаға көшірілгенін мәлімдеді.
“Біз отбасыны басқа аймаққа ауыстырдық. Қазір отбасы жаңа үйде, қауіпсіз жерге көшірілді. Біз бұл ақпаратты жарияламаған едік. Нақты қай жерге көшірілгенін айтпаймыз, бұл жариялауға жатпайтын ақпарат”, – деді Айтбек Амангелді.
Сонымен қатар, отбасының адвокаты әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмегенін айтты.
“Әкімдік үй беру бойынша ұсыныс жасаған болатын. Сол жерде үй салып береміз деген еді. Алайдп өртенген үйдің орнын тазалау жұмыстары бойынша да көмек көрсеткен жоқ. Тіпті әкімдіктен келіп, Қаржаубайдың көмектен бас тартатыны туралы айтқанын видеоға жазып аламыз деген. Қаржаубай бұл жағдайды түсінбей, ешнәрсе қажет емес екенін жеткізді”, – дейді отбасының адвокаты Саида Тәуекелова.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.
Сурет: stan.kz