Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмола облысы әкімінің орынбасары жол-көлік апатынан қаза тапты

Ақмола облысы әкімінің орынбасары жол-көлік апатынан қаза тапты

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Жомарт Нұркенов жол-көлік апатының салдарынан қаза тапты, деп хабарлайды Stan.kz Ақмола облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Полицияның мәліметінше, апат 9 мамырда Көкшетаудан үш шақырым жерде Петропавловск-Нұр-Сұлтан тас жолында сағат 18.30-да болған. Toyota Land Cruiser көлігі тас жолда тұрған асфальттөсегішке соғылған.
«1974 жылы туған жүргізуші Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. Ол оқиға орнында көз жұмды. Бүгінгі таңда бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сот ісі қозғалды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Айта кетсек, Жомарт Нұркенов 1974 жылы 3 сәуірде дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылы мал дәрігері ретінде қызмет етуден бастаған. 1998 жылдан 2012 жылға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.
Ол Атбасар және Аршалы аудандарының әкімі, Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет етті. 2017 жылдан 2018 жылға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы болды. 2018 жылдан бастап Буланды ауданының әкімі болып жұмыс істеді. Ал, 10 сәуірде облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
http://stan.kz
10 мамыр 2019 ж. 1 046 0