Ақтөбеде бірнеше күннен бері жоғалған студент іздестіріліп жатыр
АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Ақтөбеде полиция жоғалып кеткен студентті іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Timeskz басылымы.
Ербол Əбдіғали демалыс кезінде ағасына қонаққа келген. 17 ақпан күні сағат 11 шамасында Ақтөбе қаласындағы көп қабатты үйден шығып, сол күйі қайтып оралмаған. Жас жігіт механик мамандығында үшінші курста оқиды, Ойыл аграрлық колледжінің жатақханасында тұрады.
"Ерболдың анасы 2013 жылы қайтыс болды, әкесі Комсомолское ауылындағы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ақтөбеге ағасымен бірге ақша табу үшін келген. Жақындары Ерболдың ағасының үйінен шыққаннан кейін не Ойылға кеткенін немесе Ақтөбеде қалғанын білмейді", — дейді студенттің туысы Дархан Жаймағанбетов.
Жақындарының айтуынша, ағасы Ерболға Ойылға қайту үшін ақша берген. Сондай-ақ, жоғалған студент өз телефонын сатып жібергені белгілі болды, ал телефонның жаңа иесі оны қайта сатқан.
Жас жігіттің белгілері: бойы 170-175 см, арықша келген, шашы қысқа, қара, көздері қара. Жоғалған күні басында қара бас киім, үстінде капюшоны бар қара күртке, көк түсті джинс шалбар мен аяғында қара қысқы кроссовка болған. Арқасына асып алған қара рюкзагы бар.
Қандай да бір ақпарат белгілі болса, полиция мына телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды: 102, 72-98-02, 72-91-03, 72-98-52. Немесе ұялы телефон нөмірі: 8-777-800-33-41, 8-707-576-88-48, 8-702-364-78-38.
sputniknews.kz