Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі жұмысын бастады

Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі жұмысын бастады

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі жұмысын бастады. Жиынға ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 «Ең алдымен Қазақстанымыздың төрі, Қазақ елінің елордасы - Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіздер! Сонымен бірге бүкіл Еуразия елдерінің Парламенттері үшін маңызы зор және рөлі де ерекше жиынға қатысып отырғандарыңызға шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Бүгінгі форум заң шығарушы органдар арасында жан-жақты диалог орнатуға, өзара сенімді нығайтуға, парламентаралық ынтымақтастықты одан ары күшейтуге кең жола ашады деп сенім білдіреміз», - деді жиынды ашқан ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин.
Форум жұмысына Еуропа мен Азияның 65 елінің парламенттері делегациялары, 14 халықаралық парламенттік ұйым өкілдері қатысады. Олардың қатарында ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сынды ұйымдар бар.
Айта кетерлігі, осынау өте маңызды әрі ауқымды парламенттік шара Қазақстанда бірінші рет өткізілуде. Алқалы жиынның «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған. Кездесу Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Қазақстанның басты ұстанымы – Еуразияны елдер арасында болатын қарама-қайшылықтарға, сонымен қатар жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп, ұжымдық шешу алаңы ретінде серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу.
Осы кеңесте Еуропа мен Азия парламентшілері еуразиялық кеңістіктің қауіпсіз және тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолдары, ХХІ ғасырдың ірі интеграциялық экономикалық жобаларын жүзеге асырудың жолдарын талқылайды. Панельдік сессиялар, форум аясында жоспарланған бірқатар екіжақты кездесулер Еуразия кеңістігіндегі Парламент өкілдерінің заңнамалық тәжірибе алмасуына, ел халықтарының әл-ауқатын жақсарту жолында ортақ мақсаттарды үйлестіруге үлес қосуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сал кетсек, Еуразия елдері парламенттері төрағаларының алғашқы кеңесі Ресейде ұйымдастырылып, одан кейін Оңтүстік Кореяда, Түркияда өткен еді.
https://kyzylorda-news.kz/news/saysat/30688-nr-sltanda-euraziya-elder-parlamentter-traalaryny-iv-kees-zhmysyn-bastady.html
24 қыркүйек 2019 ж. 1 087 0