Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті төраға» атанды

Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті төраға» атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы ұйымның құрметті төрағасы атанды.

Бұл туралы Кеңесті ашқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Еуразилық интеграция құру идеясының авторы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевты ерекше айта кетуге рұқсат етіңіздер. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің осы ұсынысының арқасында бұл ұйым қазіргі кезде құрлықтағы геосаяси ландшафтқа айналып отыр. Еуразия экономикалық кеңесінің аяқтан тұруына тарихи үлесін қосқан Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегін ескере келе, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин осы ұйымның құрметті төрағасы атағын беруді ұсынды. Осы ұсынысы үшін Қазақстан Республикасының атынан Ресей басшысына және қолдаған барлық әріптестеріме алғысымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Ең алғаш болып, Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы бұрынғы Кеңестер одағы аумағында экономикалық ұйым құру керектігін айтқан болатын. Арада 20 жыл өткенде 2014 жылдың 29 мамырында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) Жоғары Еуразия экономикалық кеңесіне қол қойылған еді. 
Айта кетейік, бүгін бес жыл толған аталған ұйымның мерейтойлық отырысына Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян қатысып жатыр.
Бұған дейін бүгін Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысы өтетінін хабарлаған болатынбыз. ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысынан хабар таратуға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 115 өкілі мен қазақстандық 160-тан астам журналист тіркелген.
29 мамыр 2019 ж. 1 032 0