Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Олимпиадаға лицензия алған қазақстандық спортшылардың тізімі жарияланды

Олимпиадаға лицензия алған қазақстандық спортшылардың тізімі жарияланды

2020 жылы Жапония астанасы – Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында лицензия алған қазақстандық спортшылардың тізімі жарияланды, деп хабарлайды inform.kz
Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің ҚазАқпарат агенттігіне берген ақпаратына сәйкес, жеңіл атлетикадан екі спортшыда – Ольга Рыпакова (үш аттап секіру) мен Георгий Шейкода (20 шақырымдық жүру) лицензия бар. Сонымен бірге, ашық суда жүзуден Виталий Худяков, жүзуден Дмитрий Баландин (2 лицензия), велошосседен Евгений Гидич, садақпен атудан (4 лицензия) Ильфат Абдулин, Денис Ганькин, Санжар Мұсаев жолдамаға ие. Мәнерлеп жүзуден Александра және Екатерина Немичтер ел намысын біріге қорғаса, спорттық құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин сайыс алаңына шығады. Грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедов (60 және 77 келі салмақта) Олимпиадаға барады. Сол секілді, әйелдер күресінен 50 және 76 келі салмақта Валентина Исламова мен Элмира Сыздықова Токиоға дайындалып жатыр. Еркін күрестен Нұрислам Санаев (57 келі), Дәулет Ниязбеков (65 келі), Данияр Қайсанов (74 келі), Ерғали Әлішер (97 келі), спорттық гимнастикадан Милад Карими, стендт атудан Сәрсенгүл Рысбекова, мылтықпен атудан Юрий Юрков, қазіргі бессайыстан Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко Олимпиада лицензиясын иеленіп отыр.
Айта кетсек, осы жылдың соңына дейін ұлттық құрама спортшылары 28 лицензиялық Әлем чемпионаты, 19 Азия біріншілігі мен 12 әлемдік іріктеу турниріне қатысады. Ал 2020 жылы 3 Әлем чемпионаты, 19 Азия және 18 әлемдік турнирлерде өнер көрсетеді. Жоспарланған жарыстардың қорытындысы бойынша, 2016 жылғы Олимпиада ойындарынан кем болмайтын лицензия алу жоспарланып (спорттың 32 түрінен 105 лицензия) отыр.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына Ұлттық құрама еншісінде әзірге спорттың 14 түрінен 25 лицензия бар. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев бұған дейін Токио Олимпиадасында медаль күтетін спортшыларды атаған болатын.
15 қараша 2019 ж. 939 0