Чемпиондар лигасы: Жарысты жалғастыратын 8 команда анықталды
Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңіндегі соңғы турының алғашқы күнгі ойындары өтті, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.
Бұдан бұрын Англияның «Ливерпуль» және Италияның «Наполи» командалары жарыстың келесі сатысына жолдама алғанын хабарлаған едік. Енді олардың қатарына тағы 6 команда қосылды.
Солардың бірі - F тобындағы Испанияның «Барселона» командасы бүгін сырт алаңда Италияның «Интерімен» кездесті. Айта кетерлігі, испандық клуб жарыстың келесі сатысына берілетін жолдаманы бір тур бұрын қалтаға басып қойды. Соған қарамастан соңғы турда жеңіске жету жолын іздеді. Олардың қатарынан 23-минутта Карлес Сайоль есеп ашқан еді. Оған 44-минутта «Интер» шабуылшысы Ромелу Лукаку бір голмен жауап қайырды. «Барселона» сапынан 86-минутта Ансумане Фати мергендік танытты. Кездесу барысында испандық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Аталмыш топтағы Германияның «Боруссия» (Дортмунд) клубы өз алаңында Чехияның «Славия» командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Аталмыш топтан «Барселона» мен «Боруссия» 1/8 финалға шықты.
Сондай-ақ, бүгін H тобында Англияның «Челси» клубы өз алаңында Францияның «Лилль» командасымен кездесті. Бұл ойында ағылшындық клуб сапынан 19-минутта Тэмми Абрахам есеп ашса, 35-минутта Сесар Аспиликуэта есепті ұлғайта түсті. Ал 78-минутта «Лилль» ойыншысы Лоик ресми есеп айырмасын қысқартты. Ойында «Челси» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Голландияның «Аякс» клубы өз алаңында Испанияның «Валенсия» командасынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Бұл топта «Валенсия» мен «Челси» жарысты жалғастыратын болды. G тобында өз алаңында Португалияның «Бенфикасы» Ресейдің «Зенитін» 3:0 есебімен тізе бүктірсе, Францияның «Лионы» мен Германияның «Лейпцигі» 2:2 есебімен тең ойнады. Бұл топтан «Лейпциг» пен «Лион» жарыстың келесі сатысына шықты.