Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Илья Ильин спорттық мансабын қашан аяқтайтынын айтты

Илья Ильин спорттық мансабын қашан аяқтайтынын айтты

Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы сәуір айында елордада өтетін Азия чемпионатынан кейін бір шешімге келеді, деп хабарлайды alashainasy.kz.
Егер Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алса, кешенді сын соңғы жарыс болады. Ильин ойындардан кейін ауыр атлетикамен біржола қоштаспақ.
Ол бұл жайында «Хабар 24» арнасының Өзбекстандағы тілшісіне айтты.
Әйгілі зілтемірші кеше Ташкенттегі Халықаралық бірлік чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Бұл – Ильиннің допинг жанжалынан кейінгі алғашқы жеңісі. Жерлесіміз жұлқа көтеруде 160 келіні, ал серпе көтеруде 195 келіні бағындырып, қоссайыста 355 ұпаймен алтын медальға қол созды.
 
Илья Ильин, Ташкент турнирінің жеңімпазы:
Мен спорттық мансабымды аяқтаймын. Жасым 32-ге келді. Егер алдағы Олимпиадаға жолдама алып жатсам, ауыр атлетикамен сол жарыстан кейін қоштасамын. Ал Токиодағы аламанға бара алмай қалсам, онда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азия чемпионаты мен үшін соңғы дүбірлі дода болмақ. Мен барлығы дерлік сайыста жеңімпаз атағын алдым. Маған тек Азия чемпионы болу бұйырмады. Ендігі мақсатым – осы. 
Ташкенттегі халықаралық турнирде Ильиннен бөлек, Ибрагим Берсанов жүлдегер атанды. Қазақстан ауыр атлет 109 келі салмақта күміс медаль еншіледі. Бұған дейін Игорь Сон чемпион атанғанын айта кетейік.
 

13 ақпан 2020 ж. 841 0