Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдос Сметов: Олимпиаданың алтын медалін алмай қоймаймын

Елдос Сметов: Олимпиаданың алтын медалін алмай қоймаймын

Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов JudoCrazy басылымына өзінің спорттағы басты арманы туралы айтты, деп хабарлайды   sports.kz.
— Сіз Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болдыңыз. Сіз үшін Олимпиада алтынының маңызы қаншалықты зор?
— Олимпиада алтыны – әр спортшының арманы. Олимпиада – барлық жарыстың биік шыңы. Әзірге Қазақстанда грек-рим күресінен 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіров алған жалғыз ғана алтын Олимпиада медалі бар. Бірақ бұл кеңес уақытында болған. Мен Қазақстанның Олимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы балуаны болғым келеді. Әлі күнге дейін алтын жүлденің болмағанына қапалымын. «Бізде шын мәнісінде лайықты спортшылар жоқ па?», «Біз бұған жете алмаймыз ба? деген секілді сұрақтар мені мазалайды. Сондықтан да Олимпиада алтыны мен үшін өте маңызды. Өзге жарыстарда алтын алу мен үшін аса маңызды емес. Өз елімнің намысын қорғағым келеді. Мен өз елімнің туы көтерілгенін көріп, Олимпиадада біздің әнұранды шырқағым келеді.
— Сіз қазір 27 жастасыз. Әлі қанша Олимпиадаға қатыса аламын деп ойлайсыз ?
— Шын мәнісінде, мен мансабымды 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін аяқтағым келді, бірақ күміс медаль алып қалдым. Маған тек алтын ғана керек. Олимпиаданың алтын медалін алмай өзімнің жарыстағы мансабымды аяқтамаймын деп ант бердім. Бұл қашан болатынын білмеймін. Егер 40 жасқа дейін күресуді жалғастыру керек болса, мен оны істеймін. Олимпиаданың алтын медалінсіз мен жарыс аренасынан кетпеймін.
Еске сала кетейік, Сметов 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионы, 2016 жылғы Азия және 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы.
13 мамыр 2020 ж. 810 0