«Сочиді» тізе бүктірді
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын Нұр-Сұлтанның «Барысы» елордадағы «Барыс Аренада» «Сочи» клубын қабылдап, кезекті жеңісіне қол жеткізді.Тұрақты біріншіліктің кейінгі бес ойынында қатарынан жеңілген «Барыс» жанкүйерлердің көңіліне селкеу түсірген еді. Сүреңсіз ойындардан кейін жанкүйерлер алдында өз айыбын жуып-шаюға тырысқан жерлестеріміз, міне, екінші матчта да жеңіске жетіп, көрермендерін қуантуда. Алғаш Мәскеудің «Спартак» клубын 2:1 есебімен тізе бүктірсе, кейінгі бәсекеде Сочиден келген қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі шайба соқты.
Жерлестеріміз кездесу тағдырын бірінші кезеңде-ақ шешіп тастады деуге болады. Матчтың 12-минутында Виктор Сведбергтен пас алған Роман Старченко есеп ашса, араға бір минут салып «Барыстың» швециялық шабуылшысы Якоб Лилья таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Қалған екі кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Осылайша, «Барыс» қатарынан екінші ойында жеңіске жетті. Енді жерлестеріміз келесі кездесуін бүгін Ярославльдің «Локомотив» клубымен өткізеді.
egemen.kz