Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем чемпиондары Қазақстанға келеді

Әлем чемпиондары Қазақстанға келеді

Өткен аптада Швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан ФИФА-ның штаб-пәтерінде 2022 жылы Қатарда өтетін футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің жеребесі тартылып, Қазақстан ұлттық құрамасының кезекті қарсыластары анықталған болатын.Қазақстан футбол федерациясы 1994 жылы ФИФА құрамына енгелі бері бүгінге дейін алты рет әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бақ сынаған. Оның екеуіне Азия футбол конфедерациясында (АФК) жүргенінде қатысса, қалған төртеуінде УЕФА аясында өнер көсетіп келеді. Жаһандық доданың іріктеуіне алты рет қатыссақ та, өкінішке қарай, барлығында сәтсіз ойнадық. Ең бір ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеміз деп 2002 жылғы Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен біріншіліктің іріктеуін айта аламыз. Азия құрлығындағы іріктеудің екінші айналымында Ирак құрамасымен бірдей ұпай жинап, жеке көрсеткіш бойынша қарсыластарымызға жол беріп, келесі айналымнан құр қалған болатынбыз.
Енді, міне жетінші іріктеу кезеңіне де аяқ бастық. Бәлкім, киелі санның кезегінде футболшыларымыз жаһандық доданың негізгі кезеңіне жолдама алмаса да, әлем фут­болын дүр сілкіндіріп қалар деп сенеміз. Биылғы іріктеуде D тобына түскен жер­лестеріміз Франция, Украина, Босния және Герцеговина, Финляндия құрамаларымен әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салады. Біздің топтағы Финляндиядан басқа құрамалардың барлығы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығып, футбол тойының куәгеріне айналған. Мәселен, Франция құрамасының 2018 жылы Ресейде өткен әлемдік біріншілікте жеңімпаз атанғанын футбол жанкүйерлері жақсы біледі. Сондай-ақ Украина мұндай ірі жарысқа ең алғаш 2006 жылы қатысса да, сол жылы қанатын кеңге жайып ширек финалға дейін жеткен. Босния және Герцеговина – Бразилиядағы додаға қатысушы.
Ал жоғарыдағы төрт құраманың тек екеуі ғана қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Себебі әлем чемпионатының әр жылдардағы іріктеу кезеңдерінде отандас­тарымыз Украина және Финляндия құрама­ларымен жасыл алаңда кездескен. Ал Франция және Босния және Герцеговинамен алғаш рет ойнағалы тұрмыз.
Франция. Ең кейінгі әлем чемпиондарын таныстырып жатудың өзі артық болар. Құрамы Киллиан Мбаппе, Пол Погба, Антуан Гризманн, Рафаэль Варан секілді кіл мықты футболшылармен жасақталған «үш жолақты» ел әзірге әлем футболында қарсылас шыдатар емес. Ресми матчтарда ең соңғы рет 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Түркия футболшыларынан жеңілген. 2019 жылдың маусым айында өткен кездесуде түрік ағайындарымыз 2:0 есебімен басым түскен-ді. Франциямен өтетін екі ойында да жерлестеріміз ұпай ала алмайтыны белгілі. Тек Қазақстан қыздар құрамасы сияқты бір ойында 12 гол өткізіп алып, әлем алдында тағы да масқара болмасақ игі еді.
Украина. Әйгілі шабуылшы Андрей Шевченко жаттықтыратын Украина құрамасы Франциядан кейінгі басты қарсыласымыз саналады. Біздің жігіттер Украина футболшыларымен бүгінге дейін жасыл алаңда төрт рет жолықты. Барлығы да әлем біріншілігінің іріктеу ойындары. Екі рет 2006 жылғы, екі рет 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі топтық кезеңнің бәсекелері. Екі құраманың ең алғашқы «таныстығы» 2004 жылы басталды. 8 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойынның бірінші таймында жерлестеріміз 1:1 нәтижесімен тең түскенімен, екінші таймда тағы бір гол өткізіп алып 1:2 есебімен жол берді. Келесі жылдың маусым айында жерлестеріміз Украинаға сапар шегіп, Киевтегі Олимпиадалық стадионда алаң иелері біздің қақпаға жауапсыз екі гол соғып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Араға үш жыл салып қос құраманың жолы әлем чемпионатының топтық кезеңде тағы да түйісті. Өкінішке қарай, бұл іріктеудің де екі кездесуінде украиналықтардың мерейі үстем болды. Алғаш Алматыдағы матчта 3:1 есе­бімен, Украинада 2:1 нәтижесімен жеңілдік.
Александр Зинченко («Манчестер Сити», Англия), Андрей Ярмоленко («Вест Хэм», Англия), Руслан Малиновский («Аталанта», Италия) секілді шоқ жұлдыздары бар Украина құрамасы қазіргі таңда ФИФА рейтингінде 24-орында келеді.
Финляндия. Бұл елдің ұлттық құрамасы да, Еурокубокта бақ сынайтын командалары да қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Әзірге екі елдің футболшылары тарихта үш рет кездескен. Ең алғаш Қазақстан мен Финляндия 2006 жылы ақпанда Кипрде өткен халықаралық турнирде жолығып, негізгі уақытта жеңімпаз анықталмаған. Ал ойын­нан кейінгі пенальти сериясында қарсы­ластарымыздың жолы болды. Есеп – 3:1. Кейіннен екі құрама 2008 жылы Аустрия мен Швейцарияда өткен Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында бір топқа түсті. 2006 жылдың қазан айында Алматыда өткен ойында қонақтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. 2007 жылы сырт алаңдағы кездесуде де жерлестеріміз қарсыластарына жол берді. Бұл жолғы матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Қазіргі таңда Финляндия ФИФА рейтингінде 54-орында тұр.
Топтағы соңғы қарсыласымыз – Босния және Герцеговина. Әзірге екі елдің ұлттық құрамалары жасыл алаңда кездеспесе де, Балқан түбегіндегі елдердің ойыны бізге жақсы таныс. Әрине, қазір Босния және Герцеговинаның көрсетіп жүрген ойыны аса мәз емес. Кейінгі жеті ойыннан бері жеңіс не екенін білмей келеді. Тек өткен жылдың қараша айында ғана Ұлттар лигасы аясында сырт алаңда Лихтенштейн құрамасын 3:0 есебімен жеңген.
Қазақстан ұлттық құрамасының матч­тарының күнтізбесі
28.03.2021 Қазақстан – Франция
01.04.2021 Украина – Қазақстан
01.09.2021 Қазақстан – Украина
04.09.2021 Финляндия – Қазақстан
08.09.2021 Босния және Герцеговина – Қазақстан
09.10.2021 Қазақстан – Босния және Герцеговина
12.10.2021 Қазақстан – Финляндия
14.11.2021 Франция – Қазақстан
 
Қарсыластар не дейді?
Жеребе тарту рәсімінен кейін біздің топтағы ұлттық құрамалардың бас бапкері мен атақты футболшылары қарсыластардың қарымы туралы өз ойларын ортаға салды.
 
Дидье Дешам,
Франция ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Біз бүгінге дейін Қазақстан құра­масымен бірде-бір ойын өткізген жоқпыз. Қазақстан мен Босния және Герцеговинаға қарағанда Украина мен Финляндия футболшылары бізге біраз қиындық тудырады. Оны жеребеде орналасқан себетіне және кейінгі ойындарына қарап айтып отырмын. Өткен ойында Финляндия бізге қарсы өте жақсы ойнады. Бірақ бұл ұжымды әбден зерттеп үлгердім.
 
Андрей Шевченко,
Украина ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Бірден айтайын, біз өте қиын қарсы­ластарға тап болдық. Әлем чемпионымен өтетін екі ойында ұпай алуға тырысамыз. Босния және Герцеговина командасын төртінші себеттегі ең мықты ұжым деп атауға болады. Финляндия да бізге бейтаныс құрама емес. 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде де бір топта ойнадық. Қазір бұл команда алға жылжып келеді. Келер жылғы Еуропа чемпио­натына қатысуға мүмкіндік алғанының өзі ілгерілеуінің дәлелі. Қазақстанды естен де, есептен де шығаруға болмайды.
 
Маркку Канерва,
Финляндия құрамасының бас бапкері:
– Жеребе біз үшін сәтті түсті деп айта алмаймын. Әр түрлі шектеулерге байланыс­ты қарсыластар үнемі топтан топқа ауы­сып отырды. Келесі жыл біз үшін оңайға соқпайын деп тұр. Наурыз айында әлем бірін­шілігінің іріктеуін бастасақ, жаз мезгілінде Еуропа чемпионатында бақ сынаймыз. Топтағы барлық қарсылас мықты, осалы жоқ. Тіпті Қазақстан құрамасы да бізге оңайлық­пен ұпай бермейтіні анық. Дегенмен біз әлем чемпионатына қатысқымыз келеді. Сол мақсатта алаңға шығып, арманымызға қол жеткіземіз деп ойлаймын.
 
Эдин Джеко,
Босния және Герцеговина құрамасының капитаны:
– Өкінішке қарай, өте қиын топқа түстік. Франция – топта бірінші орынға үміт­кер жалғыз құрама. Кейінгі жылдары жақсы ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан Украина мен Финляндия құрамалары да бізге лайықты қарсылық көрсетеді. Қазақ­стан құрамасы да осы топтағы ең қиын қар­сыластың бірі.
egemen.kz
15 желтоқсан 2020 ж. 730 0