Сыр велоспортының мүмкіндігі жоғары
Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Сыр өңірінің велосипед спорты саласындағы даңқты өкілдері – КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Марат Сатыбалдиев пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жетес Сүлейменовті және ҚР велоспорт федерациясының төрешілер коллегиясы төрағасының орынбасары Сергей Бредихинды қабылдады.Меймандар облыс әкімінің орынбасарына қазақстандық велоспорттың дамуы, оның ішінде Сыр елі велошабандоздарының республикалық және халықаралық аренадағы жетістіктері туралы баяндады.
Қазақстан тарихында велоспорттан тұңғыш әлем чемпионы бүгінде Алматы велоспорт федерациясының вице-президенті Марат Сатыбалдиев ширек ғасырдай уақыт бойы Қызылордада жасөспірімдер арасында өтетін дәстүрлі республикалық жарысқа материалдық көмек көрсетіп келеді. Жеңімпаздарға арнайы жүлделер тағайындап, оларды марапаттауда.
Нұр-Сұлтан қаласы велоспорт федерациясының төрағасы, Президенттік “Астана” кәсіби клубының спорт директоры Жетес Сүлейменов те өткен жылдан бері облыста осы саланың дамуына үлес қосып келеді.
Атап айтқанда, ол кеше Қызылорда қаласында басталған велосипедшілердің көпкүндік жарысына үздік шабандоздар үшін өз жүлдесін тағайындады. Төрт кезеңнен тұратын жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің он облысынан 150-дей жас спортшы қатысып, жүлделерді сарапқа салады. Турнир кестесі 15 шақырымдық жеке спортшылар сайысы, 40, 50, 60, 80 шақырымдық топтық жарыс және 30, 50 шақырымдық айналым жарыстардан тұрады. Мұнан бөлек, Ж.Сүлейменов туған жеріне жасаған осы сапары барысында Қызылорда балалар велоорталығын ашып, оған 10 велосипед тарту етті.
М.Сатыбалдиев пен Ж.Сүлейменов Қызылорда велосипед спортының даңқы Кеңес Одағы кезінен бері белгілі екенін айтып, облыс басшылығына велотрек салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Трибуналары мен қосалқы ғимараттары бар заманауи велодром Сыр өңірін республикадағы ірі велоорталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік берер еді. Аймақта оны үйлестіре алатын жергілікті спортшылар мен жаттықтырушы кадрлар бар.
Мәселен, Қазақстан ұлттық құрамасы штатында жастармен табысты жұмыс жүргізіп келе жатқан қызылордалық белгілі жаттықтырушылар Берік Көпешов (ерлер командасы) пен Александр Килибаев (қыздар командасы) – білікті мамандар. Сонымен қатар, мамандар қызылордалық спортшылардың трек жарысы бойынша өте мықты екенін айрықша атап өтті. Жарыстың бұл түрінен республикада көшбасшылар қатарында.
Облыс әкімінің орынбасары спорт мамандарына ризашылығын білдіріп, Қызылорда қаласында велодром салу жайлы ұсынысты облыс басшысына жеткізетінін айтты.
syrboyi.kz