Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан шыққан чемпион

Ауылдан шыққан чемпион

Өткен ғасырда кешегі әлемге сес көрсетіп, социалистік жүйе құрған 15 одақтас республикалардың басын біріктіріп, алып империя аталған СССР-дің ғылымға да, мәдениетке де, әдебиетке де біршама жүйелі жағдай жасағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондай саланың бірі – спортқа да ерекше қамқорлық жасап, халықтың тегін спортпен айналысуына мүмкіндік туғызды. Әрине, социализмнің ұстанымына қайшылау келетін профессионал спортшы бола қойған жоқ. Соған қарамастан, кешегі Одақтың спортшылары 15 одақтас республикалардың басын қосып, түрлі деңгейдегі спорт жарыстарын өткізіп, халықаралық, құрылықтық, әлемдік, олимпиадалық ойындарда жоғарғы жетістіктерге жетіп, жүлделі орындардан көріне білді.
Иә, ол кезде де СССР-дің спорттағы саясатына өкпеміз бар екенін де жасыра алмаймыз. Орыс ұлтынан еместердің СССР-дің құрама командасына мүше болудың өзі қиынның қиыны болып, өзге ұлттар шек қақпай болғаны да рас.Түрлі спорт түрлерінің ішінде қазақтың «оң жамбасына» келетін спорттың бір түрі – күрес. Оның ішінде қазақша күрес айла-тәсілдерін қолдануға болатын ұқсастығы бар күрестің бірі – самбо күресі. Негізін орыс ұлтының өкілі Харалмпиев қалаған. Осы спорт кешегі Одақ деңгейінде де, халықаралық деңгейде де ерекше беделге ие болды. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз осы спорттың түрімен есейіңкірегеніне қарамастан айналысқан алты Әлімнің бір баласы Шорабек Мұстафаев ағамыз алғашқы қазақ жастарының бірі болып, СССР біріншілігінің жүлдегері атанды. Иә, рас шалғайдағы шағын ауыл қарақұмдықтардың бірі білсе, бірі мән берген жоқ. Қазақстандықтардың Шорабек ағамызды дұрыс танымайтыны ағамыз әскерде жүріп, Эстония Республикасының намысын қорғаған. Таллин қаласында өткен СССР біріншілігінде күміс жүлдегер атанған. Әскерден кейін оқуын Нөкіс қаласында жалғастырып, тағдырдың айдаумен Қарақалпақ АССР-інде еңбек етіп, өз еліне танымал бола алған жоқ. Өзі де мен сондай едім демейтін мінезімен адал еңбек жасап, Қарақалпақ АССР-інде самбо, дзю-до күрестерінің негізін қалаушы болып, Өзбекстан мен Қарақалпақ спорты тарихында аты қалды. Сондықтан кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен кіндік қаны Аралда тамған, мектепті Аралда бастап, Қарақұмда бітіргенін, еңбек жолын Қарақұмда токарь болып бастағанын тілге тиек етіп, ағамызды елге таныстыруды жөн көрдім.
Шорабек аға Мұстафаев 21 ақпанда 1944 жылы Арал ауданында дүниеге келіп, 1951 жылы Арал қаласындағы бұрынғы №15 орта мектепке барып, 1956 жылы Қарақұмда оқуын жалғастырған. Артынша 1957 жылы Қарақұм 7 жылдық мектебін бітіріп, совхоздың МТМ жұмысқа токарь болып орналасып, жұмыс істеген. Сол кездегі совхоз директоры, марқұм Байжан Бижанов ауыл жастарына жол сілтеп, қамқорлық жасап, оқу оқуларына жөн көрсеткен. Соның бірі – Шорабек аға Мұстафаев Қызылорда қаласындағы музыка училищесіне 6 айлық курсқа жіберіліп, «баянист-хорист» мамандығы бойынша курстан өтіп келіп, ауыл жастарын көркемөнерпаздар үйірмесіне тартып, аудандық және басқа байқауларға қатыстырып, жастар арасында белсенділігін танытып, ауылдағы жастармен бірге қазақша күрес пен гир көтеру спортымен машықтанған. 1959-1960 оқу жылында сол кездегі талапқа сай сырттай мектеп ашылып, орта мектепті Қарақұмнан бітіріп шыққан. 1963 жылы Нөкіс қаласындағы Қарақалпақ ҚҚГОС ПИ дене шынықтыру факультетіне оқуға түскен. Бірінші курсты бітіргеннен кейін армия қатарына алынып, Заполярьедегі «Песчаный» деген жерде самбомен айналысып, әуелі полкті, кейін дивизия чемпионы болып, ал 1965 жылы ракеталық әскерге ауысып, Саратов қаласында чемпион болған. 1967 жылы Ленинград қаласында ЦСКА біріншілігінде чемпион болып, "СССР спорт шебері" нормасын орындаған. 1967 жылы Эстонияның Таллин қаласында өткен СССР біріншілігіне қатысып, СССР-дің жүлдегері атанған. Сол кезде Қазақстан мен Өзбекстан Шорабек ағамызды өз құрамасына алмаған. Шорабек ағамыз қас қылғандай СССР-дің жүлдегері болып, ел чемпионатын аяқтаған. Ол әскерден оралған бойы оқуын жалғастырып, сонымен студенттерді самбо күресімен жаттықтыра жүріп, өзі де күресін жалғастырды. Яғни 1968-1969 жылдары қатарынан екі рет Өзбекстанның чемпионы. Ал 1971 жылы оқуын бітіріп, сол оқу орнына оқытушы болып қалған. Кейін аға оқытушы. 1985 жылы кафедра меңгерушісі. 1989 жылы факультет деканы болып та сайланған. 1993, 1994 жылдары Өзбекстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Өзбекстанның еңбек сіңірген білім қызметкері», 1995 жылы «Өзбекстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы» атағын алған. 25-тей шәкірті самбо мен дзю-до күресінен "СССР спорт шебері" болса, соншама шәкірті "Өзбекстан Республиасының спорт шебері атағына" ие болған.
Жалпы, Мұстафаевтар әулетінен Қанабек, Әскербек ағаларымыз Қарақұм, Жіңішкеқұм совхоздарында еңбек етіп, өз қолтаңбаларын қалдырған азаматтар. Солардың інісі Шорабек ағамыз бұл күнде Базаркүл жеңгемізбен Алматы қаласында тұрады. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған ата мен әже. Жақында ағамызбен хабарлассам, ауылды еске алып, "О, айналайын Көлбай менің араласқан қатарластарым Мусаев Тиыштықбай, Есжанов Жұбахан, Елеуов Ертілеу еді. Олардың барлығы дүниеден өтті. Имандары жолдасы болсын, басқа не дейін. Мені танитындар болса сәлем айтарсың" деді. Өмір деген осы. 76 жасқа келген ағамызға ұзақ өмір, мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеймін.
Шорабек ағаны жерлестерге аудандық «Толқын» газеті арқылы таныстыра отырып, елге деген сәлемін жеткізуді жөн көрдім. Кейінгі ұрпақ аға буынның өнегелі өмір жолын біліп жүргені дұрыс деп ойлаймын.
Көлбай ДАНАБАЙ,
Арал қаласы 
04 сәуір 2021 ж. 879 0