Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт кешені

Спорт кешені

–Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ұлт денсаулығына жете мән беріп, көпшілікті дене шынықтыру мен спортқа шақыру арқылы ел халқының 30 пайызын спортқа жұмылдыру межесін қойған болатын. Осы орайда, үстіміздегі жылы Сексеуіл кентінен жалпы құны 354,0 мың теңге құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен бой көтерген спорт кешені спорттық оқу-жаттығу жарыстарын өткізуге, спортшыларды спорттық және зияткерлік ойын түрлеріне дайындауға, жалпы дене шынықтыруға арналған. Қазіргі таңда бір мезгілде 60 спортшыны қабылдай алатын кешенде еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, бокс және волейбол, баскетбол сынды спорт үйірмелері жұмыс жасап жатыр. Кешен директоры Ерболат Қараевтың қарамағында 40 адам жұмыс жасайды, оның ішінде 19-ы жаттықтырушылар. Олардың жаңа ғимарат ішінде қарқынды жұмыс жасап жатқанын байқаймыз. Мәселен, 2017-2018 жылында 776 оқушы оқу-жаттығуынан өтсе, 25 оқушы спорт шеберіне үміткер болды. Сондай-ақ, осы мектепке қарасты Жақсықылыш кентінде, Шижаға, Тоқабай, Бекбауыл, Қарашалаң секілді тіректі елді мекендерде спорт бөлімшелері тұрақты жұмыс жасап келеді. Бөлімшелерде  алты спорт түрі бойынша  жаттығу сабақтары өткізіліп, балаларды салауатты өмір салтын ұстанып, дене еңбегімен қатар, ой еңбегімен шұғылдануға баулиды. Он жылдан астам тарихы бар Сексеуілдегі спорт кешені биылғы жылы да жақсы нәтижелерімен  көзге түсті. Атап айтар болсақ, Тоғызқұмалақ сайысынан Ақтөбе қаласында өткен ҚР чемпионатында Г.Қыстаубаева  І орынды жеңіп алса, еркін күрестен  Атырау қаласында өткен ҚР чемпионатында А.Кенжеев жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Қазалы қаласында ұйымдастырылған облыс біріншілігіндегрек-рим күресінен Ә.Ақабай І орынды қанжығасына байлады.  Ал, бокстан Арыс қаласында өткен ҚР Оңтүстік аймақтық чемпионатына  қатысқан бір топ мектеп оқушылары жеңіспен оралып, аудан мерейін үстем етті. Әрине, мұндай жетістіктерге жету жолында жаттықтырушылардың да қосқан үлесі зор екені айқын. «Жақсының жақсылығын айты, нұры тассын» дегендей, білікті де білімді еркін күрес бөлімінің Е.Қошанов, Б.Үмбетов, Б.Қараев, А.Жұбаныш сынды жаттықтырушылары, бокс бөлімінің Н.Сариев, Қ.Қараев, А.Жоламанов, Б.Алдамжаров, тоғызқұмалақ бөлімінің А.Құлмаханов, Н.Рысмағанбетова, Е.Ермағанбетов және грек-рим бөлімінің М.Бисеналиев сынды ұстаздарының арқасында сайыпқыран спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Тағы бір айта кетерлік жайт, оқушылардың жетістіктері өздерінің болашақтарына бағдарлы бағыт алып, үлкен жеңістерге қол жеткізуге мүмкіндік тудыруда. Яғни, келешегінен үлкен үміт күттіретін бокс бөлімінің оқушысы Ж.Әділов Алматы қаласындағы «Шаңырақ» дарынды балалар спорт интернатына түсіп, сенім артқан ұстаздарының үмітін ақтаса, ал, грек-рим бөлімінің оқушысы Т.Қанымғазы Қызылорда қаласындағы «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатының оқушысы атанып, жеткіншектерге үлгі болды.
Бізбен әңгімесінде дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің директоры былайша сөз сабақтады:
–Халқымыз ежелден денсаулықтың қадiрiн жете түсiнiп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берiк ұстанған мемлекетiмiз ел халқының ойы сергек, денi сау болуы үшiн қолда бар мүмкiндiктiң бәрiн жасауда. Денi сау ұлт бәсекеге қабiлеттi болады. Сондықтан, спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетiмiздiң стратегиялық басым бағыттарының бiрi. Спорт-елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала екенін ескерген Елбасының қолдауы аясында жуырда спорт мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Кент тұрғындарының қуанышында шек болмады десем де болады. Себебі, алдағы уақытта жасөспірімдер бос сенделіске ұшырамай, уақыттарын тиімді пайдаланып, кәсіби түрде спортпен айналысуға үлкен мүмкіндіктері бар. Және де күн сайын спорт бөлімдеріне жазылып, салаға деген қызығушылықтарымен көңіл қуантып жүрген жастар да бар. Олар да келешекте егеменді еліміздің айбынды спортшылары атанып, халықаралық ірі жарыстарда топ жарады деп сенім артамыз. Сол бағытта жүйелі жұмысымызды жандандыра беретін боламыз.
Иә, біз де спорт саласында қызмет жасап жүрген мамандар мен аудан мерейін асырып жүрген спортшыларды төл мерекелерімен құттықтап, жақсы көрсеткіштерге жете берулеріне тілектестігімізді білдіреміз.
Света Үсенқұлова.
16 тамыз 2018 ж. 1 866 0