Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейдегі халықаралық турнирде қазақстандық боксшылар 7 медаль алды

Ресейдегі халықаралық турнирде қазақстандық боксшылар 7 медаль алды

Ресейде бокстан Санкт-Петербург губернаторының кубогы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалда қазақстандық төрт боксшы сынға түсті. Олардың арасынан екеуі алтыннан алқа тақса, екеуі күміс медаль иегері атанды. Халықаралық турнирде Бекзат Нұрдәулетов (81 келі) ресейлік Иман Хатаевтан мықты екенін дәлелдеді. Ол жартылай финалда тағы бір ресейлік Андрей Коменковты қапы қалдырып кеткен еді.
Ұлттық құрама қоржынына алтын медальды Асланбек Шымбергенов (69 келі) те салды. Финалда ресейлік Андрей Замковойды жеңген қазақстандық боксшы осылайша жеңімпаз тұғырынан көрінді. Ал Махмуд Сабыржан (52 келі) өзбекстандық Шохобиддин Зоировтен, Әбілхан Аманқұл (75 келі) ресейлік Глеб Бакшиге есе жіберді. Нәтижесінде турнирде күміс жүлдегер атанды.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Даниал Сәбит (49 келі), Бекнұр Ожанов (60 келі) пен Айбек Оралбай (91 келі) қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, халықаралық турнирде әлемнің 15 елінен 100- ге тарта боксшы келді. Қазақстан атынан жарысқа 9 салмақта 10 былғары қолғап шебері аттанды.
25 сәуір 2021 ж. 539 0