Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Элизабет Тұрсынбаеваның анасы мәлімдеме жасады

Элизабет Тұрсынбаеваның анасы мәлімдеме жасады

Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның анасы Падишахан Сұлтаналиева қызының Қазақстан атынан өнер көрсету туралы шешіміне өкінетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Match TV телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Жақында 21 жастағы Тұрсынбаева өз мансабын аяқтағанын жариялады. Оған спортты жалғастыруға жарақаты кедергі келтіреді.
Элизаветаның анасы Падишахан Сұлтаналиева ата-бабалары үшін Қазақстан атынан өнер көрсетуге шешім қабылдағанын айтады.
“Тіпті күйеуім екеумізге бұл бала үшін негізгі старттарға апаратын жолды тездететін сияқты көрінді. Бірақ мен бұл шешіміме қатты өкінемін! Біз мәнерлеп сырғанау спорты жоқ ел үшін өнер көрсету қиындықтарға жетелейтінін алдын ала болжай алмадық. Егер сіз ұсынатын ел әлемдік аренада мәнерлеп сырғанау ортасы ретінде бағаланбаса… бұл тозақ. Олардың судьялары да, техникалық бақылаушылар да жоқ, сахна артында ешқандай қолдау жоқ. Ғасырлар бойы көшбасшылық үшін күресіп келе жатқан державаларда жеңіске жетуге барлық жағдай жасалған. Олар өз спортшыларын қорғап, төрешілермен жұмыс жасайды. Үлкен спорт үлкен саясатпен тең. Мен мұны процесте, тым кеш болғанда ғана түсіндім. Егер немерелерім мәнерлеп сырғанаушы болғысы келсе, мен оларға тек Ресей атынан өнер көрсетуді кеңес беремін. Өзімнің қателігімді ескеремін, Қазақстанда жағдай өзгермесе дәл осындай шешім қабылдаймын. Бірақ бұл тек менің пікірім екенін атап өткім келеді”, – деді ол.
Падишахан Сұлтаналиева спортта бәсекелестік болғаны дұрыс деп есептейді.
“Бұл керек нәрсе. Бәсекелестік жоқ болса, спорт ретінде мәнерлеп сырғанау жоқ. Элизаның әлем чемпионатындағы жетістігі Этери Георгиевна тобындағы атмосфераның көмегімен болды. Бұрын, қызым 9-11-ші орындарды иеленетін. Ресей құрамасында қалуымыз керек деп ойлаймын. Әрине, қиындықтар бар, бірақ біз тезірек жетістікке жетер едік”, – деді спортшының анасы.
Ол қателігі үшін Элизадан кешірім сұраған.
“Ол жасөспірім еді және үнсіз келісті. Қызымның олимпиада медалін жеңіп алмағаны – менің кінәм. Бүгін мен өз қателігімді мойындасам, өмір сүру оңайырақ болады. Қалай болғанда да, біз қызымыздың қойылымдарын ұзақ жылдар бойы қаржыландырған Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетіне, ол туралы фильм түсіргені үшін Нұрсұлтан Назарбаев қорына ризамыз”, – деді Падишахан Сұлтаналиева.
Сұхбат кезінде Падишахан Сұлтаналиева Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының жағдайына пікір білдірді.
“Мұз айдындары мен жаттықтырушылар көп, бірақ Мәскеумен салыстыруға болмайды. Астанада үш мұз айдыны бар, ал жаттығулар аз. Барлығы тырысады, бірақ деңгейі өте төмен. Көрдіңіз бе, менталитет басқаша: балалардың спорттық өсуіне жанын салатын тәртіп пен ата-аналар жетіспейді”, – дейді ол.
Падишахан Сұлтаналиеваның сөзінше, қазір Элизабет Тұрсынбаева МГИМО-да халықаралық журналистика бөлімінде оқиды. Ол бір жыл оқып, Олимпиада үшін академиялық демалыс алды. Ал енді сабаққа оралудың уақыты келді.
“Қызым оқуын жалғастырады, ол университетін жақсы көреді. Спорт академиясына да оқуға түсті. Қазір көп жұмыс істейді – Қазақстанда балаларды жаттықтырады және жақын арада мұз академиясын ашады, оған өзінің аты беріледі, республикада мәнерлеп сырғанау деңгейін көтереді. Өз хоббиіне де уақыт бөледі – скрипка мен фортепианода ойнайды, ән айтады, өлең жазады. Өз формасында болса, шоуларға қатысуды жоспарлап отыр.
Мен Элизаға бос уақыты туралы ойлануға кеңес беремін. «Қызға айнал, киноға бар, достарыңмен жиі кездесіп, демал!» – деймін. Ол көптеген жылдар бойы тынымсыз еңбек етті. Болашақты болжауға асықпаймын. Ең бастысы, менің баламның жан дүниесінде үйлесімділік бар. Ол спортта өзін танытты, рекордтар жасады және мәнерлеп сырғанау тарихына енді”, – деді Падишахан Сұлтаналиева.

kyzylorda-news.kz
27 қыркүйек 2021 ж. 955 0