Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүйінші! Аралдық спортшылар жеңіс тұғырында

Сүйінші! Аралдық спортшылар жеңіс тұғырында

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Осы орайда, спортты жандарына серік ете отырып, ауданның намысын қорғап жүрген жандардың бірі Қайрат Разақов пен Қарлығаш Жұмағұлова ағымдағы жылдың 20-24 қазан күндері аралығында Венгрия мемлекетінің астанасы Будапешт қаласында гір спортынан өткен байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінді

Атап айтқанда, Қайрат Разақов 14 мемлекет арасында өткен аталмыш бәсекеде 73 кг. салмақ дәрежесі бойынша мастерлар (ардагерлер) арасында "Қос сайыс" бағдарламасы бойынша 1 орынды жеңіп алды. Бұл жеңісі арқылы Қ.Разақов осымен екі дүркін Әлем чемпионы атағына ие болды.

Атап өту қажет, жерлесіміз бұған дейін 2018 жылдың 2-6 қараша аралығында Өзбекстан Республикасының Бұхара қаласында гір спортынан өткен Әлем чемпионатына қатысып (14 мемлекет арасында өткен), әлем чемпионы атанған болатын. Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері (гір спортынан), жеңімпаз спортшымыз бүгінде Арал спорт клубында гір спортынан жаттықтырушы болып абыройлы қызмет жасап келеді.

Ал, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат (қол күресі спортынан), Арал спорт клубының техникалық қызметкері Қарылғаш Жұмағұлова болса аталған әлем чемпионатында 19 мемлекет арасынан ұзақ цикл бағдарламасында І-орын (63 кг.), жұлқи көтеру бағдарламасында ІІІ-орынға (63 кг.) ие болды.

Қарлығаш Жұмағұлова бұған дейін ағымдағы жылдың 26-30 наурыз аралығында Петропавл қаласында гір спортынан мастерлер (ардагер әйелдер) арасында өткен Қазақстан Республикасының ашық біріншілігінде 58 кг. салмақ дәрежесінде ІІІ-орын иеленсе, 28 сәуір - 3 мамыр аралығында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында гір спортынан өткен мастерлер (ардагер әйелдер) арасында Азия чемпионатының І-орын (63 кг.) иегері.

"Толқын" ақпарат 

28 қазан 2021 ж. 1 953 0