Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Паралимпиада-2022: Қазақстан қоржынында алғашқы медаль

Паралимпиада-2022: Қазақстан қоржынында алғашқы медаль

Қытай астанасы Бейжің қаласында 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарында парабиатлоннан түрегеп сырғанауда Александр Герлиц қола жүлдегер атанды.
32 жастағы қазақстандық спортшы парабиатлоннан 10 шақырымға түрегеп сырғанауда жарыс жолына шықты. Осылайша еліміздің атынан биылғы бәсекеде алғашқы жүлдеге қол жеткізді. Александр Герлицтің нәтижесі 33 мин 6,5 секунд. Ол төрт атыс сызығында үш рет мүлт жіберіп алып, жеңімпаздан 1 минут 21,3 секундқа қалып қойды
Бәсекеде алтын медаль канадалық Марк Арендзге бұйырса, күміс жүлдені украиналық Григорий Вовчинский алды.
Қазірге дейін медальдар кестесінде барлығы 19 мемлекет орналасқан. Олардың қатарында Қазақстан 18-орын еншіледі. Қысқы Паралимпиада 4 және 13 наурыз аралығында өткізіледі. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда.
Еске салсақ, XIII қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан атынан Сергей Усольцев пен Александр Герлицтен өзге Ербол Хамитов, Денис Петренко мен Юрий Березин ел намысын қорғайды.
Енді қазақстандық спортшылар 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда бақ сынайды. Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.
         11 наурыздағы Паралимпиада ойындарында биатлоннан ерлер арасында 12,5 шақырымға отырып жарысу сайысы өтті. Оған қазақстандық спортшы Сергей Усольцев қатысып, жарыс қорытындысы бойынша Усольцев 15-орын алды. Ол бір рет нысананы дәл көздей алмады, жеңімпаздан +8:21.8 уақытқа қалып қойды. Қазақстаннан жарысқа спорттың екі түрі – парашаңғы мен парабиатлоннан 13 атлет қатысып жатыр.

"Толқын" ақпарат
11 наурыз 2022 ж. 1 508 0