Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » GGG мен Канело трилогиясы. Жеңіс кімдікі?

GGG мен Канело трилогиясы. Жеңіс кімдікі?

Алдағы жексенбі – желпінетін күн. Барша қазақ телеэкранға телміріп, біздің батырдың тілеуін тілейтін болады. Тек қазақстандықтар ғана емес, жаһан жұртшылығы асыға күткен уақыт осы. Бүгінгі таңдағы кәсіпқой бокстың қос мықтысы тағы да шаршы алаңда қолғап түйістіреді. Алғашқы рет емес, үшінші рет. Кім мықтыны анықтауға бел буған бокстың қос шеберлері "иә, белбеу кетеді, иә, бел кетеді" дегендей, жеңісті өз пайдасына шешуге асық. Бірі қазақтың намысын қорғап, көк байрақты АҚШ-тың көгінде желбіретіп, қазақстандық былғары қолғапшылардың биігін бағындырған Геннадий Головкин болса, екіншісі Мексиканың мықтысы Сауль Альварес.
Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен Сауль "Канело" Альварес алғаш рет жұдырықтасқаны көпшіліктен есінен кетпеген шығар. Ұзақ жылдар бойы қарсылас шақ келтірмеген қос боксшы өзара бақ сынасқан сәтте қарағандылық боксшының жеңісінен дәмелі болғанымыз рас. Күткеніміздей жекпе-жекті де ширақ бастады. Уақыт өткен сайын шабуылды да үдетті. Баршамыз әдеттегідей жетінші, сегізінші раундтарда жойқын соққылардың болатынына сенімді болдық. Біз күткен сол соққыларды да көрдік. Бірақ болаттай мықты, мексикалық соққысы мығым Канело да қарап қалмады. Алма кезек соққыдан кейін, жекпе-жек соңында төрешілер тең ұпай беріп тарасты. Бұл Геннадийдің жеңісті сериясын бұзған алғашқы төбелесі болатын.
Екінші кездесуде де қарсыластар намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірақ Сауль Альварестің бұл жолғы жорығы алғашқыдан сәттірек шықты. Кәсіби бокстың шаршы алаңында жеңілістің дәмін татпаған жерлесіміз алғаш рет жеңілді. Бұл өзіне де, барша қолдаушысына, барлық қазақстандыққа соққы болды десек артық емес. Жеңістің жалауын желбірете білген Геннадийден тағы бір реванш күттік. Үшінші кездесудің болатынын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазды. Бірақ қай уақытта болатыны ешкімге белгісіз еді.
Сол уақыттан бері қос боксшы үшінші кездесуді күтіп жатпады. Жолыққан қарсыластарын жеңуге әбден машықтанған Гена шаршы алаңдағы қарсыластарынан басым түссе, Генаны жеңген Сауль де талай мықтыны тұсаулады. Бірақ биыл 7 мамырда "Канело" ресейлік боксшы Дмитрий Биволға қарсы жекпе-жек өткізіп, қардау жауған соққының астында қалып, мансабында екінші рет жеңілгенін ел біледі. Осыдан-ақ Канелоның Головкинмен алғашқы жекпе-жегінде мексикалық төрешілердің жерлестеріне бүйрегі бұрғанын анық аңғара аламыз. Ал жексенбідегі жекпе-жек қалай болмақ?
Иә, қос чемпионның трилогиясына қатысты болжам өте көп. Бірақ біз "Көпшіліктің көңілі нәтижеге толмағанымен осыған дейінгі екі айқас жоғары деңгейде өтті. Головкин 40 жаста. Бір жағынан "Канело" да жақында 2013 жылдан бері бірінші рет жеңіліс тапты. Бұл сұрақтың жауабын алдағы жекпе-жектен кейін білеміз" деген сарапшылардың ойына толықтай келісеміз.
Ал Головкиннің айтары мынау. "Мен үшінші айқасты тіптен жаңа оқиға болады деп қарастырып отырмын және алдыңғы екеуінен мотивация алып жатқаным жоқ. Альварес көп нәрсені өзгертетініне сенімдімін, өйткені бұл жекпе-жек басқа салмақта өтеді. Оның қатынасы міндетті түрде өзгереді. Сондықтан бұл айқаста тосын сый көп болатынға ұқсайды" дейді.
Мейлі, тек тосын сый қазақстандық жанкүйерлерге жеңіс сыйласын деп тілейміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 қыркүйек 2022 ж. 1 813 0