Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Серік Сәпиев Головкин-Альварес жекпе-жегінде кім жеңетіні жөнінде пікір білдірді

Серік Сәпиев Головкин-Альварес жекпе-жегінде кім жеңетіні жөнінде пікір білдірді

2018 жылдың басында кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес өзара екінші жекпе-жекті өткізу туралы келісімге қол қойды. Енді қос қарсылас осы жылдың 5 мамырында шаршы алаңда кездеседі. Әзірге жекпе-жектің қай қалада және қандай аренада өтетіні белгісіз. Алайда үміткер қалалардың қатарында Лас-Вегас, Нью-Йорк және Даллас бар. Осы орайда Лондон Олимпиадасының жеңімпазы Серік Сәпиев қос бокшысы арасындағы жекпе-жекке қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Әрине, Головкиннің жеңісіне сенеміз. Себебі, ол «Канеломен» өткізген соңғы кездесуінде жеңіске жете алатынын көрсетті. Бірақ алдағы кездесуге тыңғылықты дайындалуы керек. Кім тактикалық жағынан жақсы дайындалса, сол жеңіске жетеді. Өйткені, қос боксшы да мықты, екеуі де жақсы жұдырықтасады. Олар тек тактика жағынан ойлануы керек», - деді ол.
Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жек Мексиканың ұлттық мерекесі Синко де Майода ұйымдастырылады. Серік Сәпиевтің пікірінше, бұл жағдай Альвареске пайдалы екен.
«Алайда кездесуде кім жеңіске жететінін уақыт пен ринг көрсетеді», - дейді қазақстандық танымал боксшы.
Сонымен қатар, Олимпиада чемпионына «Геннадий Головкин Альваресті жеңу үшін не істеуі қажет?» деген сауал қойдық.
«Головкин бірінші раундтан-ақ жұдырықтасуы қажет. Жекпе-жекті бір соққымен шешемін деп үміттенбей, ең дұрысы соққыны көбірек жасауы шарт. Басымдықты ұстап тұруы қажет. Өткен жекпе-жекте Геннадий Головкин қарсыласына ауыр соққылар жасады. Ал «Канело» алғашқы раундтарда өте жылдам қимылдап, соққыларын өткізіп үлгерді. Бірақ кейін отандасымыз басымдықты өз қолына алды. Осы орайда, Головкин нокаут үшін емес, жеңіске жетуі үшін бокстасуы керек деген пікірдемін. Ал нокаут сәті түсуіне байланысты», - деп түйіндеді сөзін Серік Сәпиев.
Айта кетейік, кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы жекпе-жек биыл 5 мамырда өтеді. Бұл күні Мексикада ұлттық мереке Синко де Майо аталып өтеді. Яғни, осы мерекені пайдаланып, ұйымдастырушылар трансляция сатылымын еселеп арттырмақ ниетте. Әзірге жекпе-жектің өтетін орны белгісіз. Бұған дейін үміткер қалалардың қатарында Лас-Вегас, Нью-Йорк және Даллас бар еді. Ұйымдастырушылар бұлардың қайсысын таңдап алғанын әзірге айтпай отыр.
Аталған кездесуде Геннадий Головкин өзінің барлық чемпиондық белбеуін бәске тігеді. Ал, Альварес болса өзіне тиесілі The Ring белбеуін және орта салмақтағы желілік чемпион белбеуін сарапқа салмақ.
Еске салайық, былтыр қос боксшының арасындағы жекпе-жекте жеңімпаз анықталмаған. Төрешілер тең ойын болдыдеп, екеуінің де қолын көтерді.

15 ақпан 2018 ж. 2 586 0