Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жек белгіленді

Головкин мен Альварес қарымта жекпе-жек белгіленді

Жұрт асыға күткен мәселеге ақыры нүкте қойылды: орта салмақ дәрежесіндегі қос саңлақ – Геннадий Головкин мен Сауль Альварес 5 мамырда қарымта кездесу өткізеді.
Шынын айтқанда, бұлардың шаршы алаң сыртындағы текетіресі жанкүйерді жалықтырып бара жатқан-ды. Кімнің не нәрсеге келіспей жатқанын аңдау да мүмкін болмады. Өтер болса, жекпе-жектің 5 мамырға белгіленетіні, түсетін кірістің бұрынғысынан да қомақты болары ғана белгілі еді. Естеріңізде болса, былтырғы 16 қыркүйекте Лас-Вегаста (АҚШ) өткен алғашқы жекпе-жек T-Mobile Arena кешенінің жанкүйерлер саны рекордын жаңартты, билеттің сатылуы бойынша бокс тарихындағы үшінші жекпе-жек (26 млн доллар) болды. HBO арнасындағы ақылы трансляцияда бұл кездесу 1,3 млн адамның игілігіне айналды, жалпы саудада 80 млн долларға жуық пайда әкелді. Альварес – 35, Головкин 25 млн доллар сыйақы иеленді.
Коммерциялық жағынан қанша табысты болса да, қос мықтының кездесуі жанкүйерді қақ бөлді. Соққының дәлдігі және жалпы жекпе-жектегі басымдық бойынша Головкин анағұрлым мықтылық танытса да, төрешінің бірі (Аделаида Берд) 118:110 есебін Альварес пайдасына белгілеп, үлкен дауға қалды. Тіпті осы ханымның Головкин жеңісін ұрлап алғаны туралы сөз әлі тынши қоятын емес.
Гена мен «Канело» енді Синко де Майо мейрамы күні, яғни мексикалықтардың ұлттық мерекесінде шаршы алаңға шығып, нағыз мықтыны анықтайды. «Дұрыс айтасың, Канело! Енді бізге төреші қажет болмайды», – деп мәлімдеді GGG. Ал Альварес: «Төрешінің қажеті жоқ, өйткені мен Головкинді естен тандырамын», – деген еді. HBO арнасы болса: «12 раунд жетпей қалды. Енді жалғасын көреміз», – деп жұртты қызықтыруға көшті.
Жекпе-жек Лас-Вегаста немесе Нью-Йоркте өтуі мүмкін. Даллас қаласындағы 80 мың адамдық AT&T Stadium кешені де үміткер арена ретінде ұсынылған-ды. Алайда сәуір айының соңында онда ҰФЛ драфты өтетіндіктен, Даллас көштен шықты.
05 ақпан 2018 ж. 1 449 0